Соңғы жылдары Қызылорда облысының туристік әлеуетін халықаралық деңгейде таныту бағытындағы жұмыстар қарқын алып келеді. Әсіресе өңірдің тарихи-мәдени мұраларын әлем жұртшылығына насихаттауда цифрлық медиа мен әлеуметтік желінің ықпалы артып отырғаны байқалады. Соның жарқын көрінісі ретінде әлемге танымал блогерлер Дастан Мұхамедрахым мен Джо Хаттабтың Қорқыт ата мемориалдық кешеніне жасаған сапарын атауға болады.
Миллиондаған оқырман мен көрермені бар контент авторларының Сыр өңіріне арнайы келуі кездейсоқ емес. Бүгінде халықаралық аудитория табиғаты ерекше, тарихы терең әрі өзіндік мәдениеті қалыптасқан аймақтарға қызығушылық танытуда. Осы тұрғыдан алғанда Қорқыт ата кешені түркі әлемінің ортақ рухани құндылығы ретінде туристер назарын өзіне аударып келеді.
Қармақшы жеріндегі қасиетті кешенге келген блогерлер алдымен Қорқыт ата ескерткішіне тағзым етіп, баба рухына құран бағыштады. Бұл – қазақ халқының ата-баба рухын құрметтеу дәстүріне көрсетілген ізет қана емес, ұлттық құндылықтарға деген құрметтің белгісі.
Қорқыт ата – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі жұртының рухани символы. Оның өмірі мен мұрасы ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, халықтың мәдени жадында сақталып келеді. Сондықтан кешенге келушілер тарихи нысанмен ғана емес, тұтас бір өркениеттің рухани дүниесімен танысады.
Шетелдік блогерлердің ерекше назарын аударған тағы бір нысан – кешен жанындағы музей болды. Мұнда халқымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталған. Экспозициялар арқылы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі және рухани құндылықтары кеңінен насихатталады.
Қазіргі таңда туризм саласында әлеуметтік желінің ықпалы зор. Бұрын туристік бағыттарды жарнамалау үшін қомақты қаржы жұмсалса, бүгінде танымал блогерлердің бір сапары миллиондаған адамның назарын белгілі бір өңірге аударуға мүмкіндік береді. Сондықтан халықаралық деңгейдегі контент авторларының Қызылорда облысына келуі аймақтың туристік имиджін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.
Сапар барысында блогерлер Қорқыт ата кешенінің сәулеттік ерекшелігіне, оның маңындағы тарихи атмосфераға және өңірдің мәдени құндылықтарына жоғары баға берген. Бұл өз кезегінде Сыр бойының тарихи орындарына деген қызығушылықтың арта түсуіне ықпал етпек.
Айта кету керек, танымал саяхатшылардың бағдарламасы мұнымен шектелмейді. Алдағы уақытта олар Байқоңыр ғарыш айлағына барып, әлемдегі ең ірі ғарыш айлағының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы деректі фильм түсіруді жоспарлап отыр. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда Қызылорда облысының туристік мүмкіндіктері халықаралық аудиторияға бұрынғыдан да кеңінен таныстырылмақ.
Бүгінде туризм – экономиканың маңызды салаларының бірі. Ал тарихи мұра мен заманауи технологияны ұштастыра отырып жүргізілген насихат жұмыстары өңірдің инвестициялық және туристік тартымдылығын арттыруға жол ашады. Сондықтан әлемге танымал блогерлердің Сыр өңіріне жасаған сапары Қызылорда облысының халықаралық деңгейдегі танымалдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде бағалануда.