БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ ИНЖЕНЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕСІ ҚАРАЛДЫ

Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Байқоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгинмен кездесті. Кездесу барысында Байқоңыр қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Жиында аймақ басшысы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы өзара ынтымақтастықтың нәтижесінде «Байқоңыр» кешенінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалар кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл жұмыстар қаланың инженерлік жүйелерін жаңартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік беруде.

Соңғы жылдары Байқоңыр қаласында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Соның айқын дәлелі ретінде жыл басында әрқайсысы 50 пәтерден тұратын бес көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді. Жаңа баспаналар тұрғындардың тұрғын үйге деген сұранысын азайтып, көптеген отбасылардың қоныс тойын тойлауына мүмкіндік жасады.

Қазіргі таңда қаладағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба коммуналдық қызметтердің сапасы мен сенімділігін арттыруға, инженерлік желілердің тозуын төмендетуге және тұрғындарды үздіксіз ауызсумен қамтамасыз етуге бағытталған. Мамандардың айтуынша, жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін жүйенің тиімділігі артып, қызмет көрсету сапасы жақсара түседі.

Кездесу барысында спорт саласындағы жобалар да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі уақытта Байқоңыр қаласында салынып жатқан дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Заманауи талаптарға сай бой көтерген нысанды биылғы шілде айында пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл кешен жастар мен тұрғындардың бұқаралық спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасап, салауатты өмір салтын насихаттауға серпін береді.

Білім беру саласын дамыту бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Келесі оқу жылынан бастап Қазақстан Республикасының білім беру стандарты бойынша аралас мектеп ашу мақсатында Байқоңыр қаласындағы №7 мектеп ғимаратын облыстық білім басқармасының қарамағына беру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастама қаладағы білім беру сапасын арттырып, оқушылардың отандық білім беру бағдарламалары бойынша білім алуына мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қала тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар алдағы уақытта да Байқоңыр қаласының тұрақты дамуына, инфрақұрылымын жетілдіруге және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасатыны атап өтілді.

БӨЛІСУ