ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ЖАҢАҚОРҒАНДАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРДЫҢ ЖҮЗЕГЕ АСУ БАРЫСЫН БАҒАМДАДЫ

Облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов Жаңақорған ауданына жұмыс сапарымен барып, агроөнеркәсіп, өндіріс және инфрақұрылым салаларында жүзеге асырылып жатқан бірқатар маңызды жобалардың барысымен танысты. Сапар барысында инвестициялық жобалардың орындалу деңгейі, құрылыс жұмыстарының сапасы және олардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әсері сараланды.

Жұмыс сапарының алғашқы нысаны Қыраш ауылдық округі аумағындағы «Qaratau Fruits» алма бағы болды. Соңғы жылдары өңірде ауыл шаруашылығын әртараптандыруға және су үнемдеу технологияларын енгізуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы ірі жобалардың бірі саналатын алма бағының жалпы құны 1,6 миллиард теңгені құрайды.

Жоба аясында 120 гектар жер игеріліп, оның 80 гектарына алма ағаштары отырғызылған. Бақтың бір бөлігінде дәстүрлі әдіспен, ал екінші бөлігінде жоғары өнімді интенсивті технология қолданылған. Жалпы саны 140 мыңнан астам алма көшеті егілген. Кәсіпорын толықтай тамшылатып суару жүйесімен қамтамасыз етілгені суды үнемдеуге және өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, мұндай заманауи бақтар ауыл шаруашылығындағы инновациялық тәсілдерді дамытуға жол ашып, импортқа тәуелділікті азайтуға ықпал етеді. Бүгінде кәсіпорында 28 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал өнім көлемінің артуына қарай жаңа жұмыс орындарының ашылуы күтілуде.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жаңақорған кентіндегі темір жол вокзалының құрылыс жұмыстарын да тексерді. Темір жол вокзалы аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін маңызды нысан болғандықтан, құрылыс сапасына ерекше назар аударылды.

Нысанды аралау кезінде анықталған бірқатар кемшіліктер бойынша мердігер мекемеге нақты тапсырмалар беріліп, оларды қысқа мерзім ішінде жою қажеттігі ескертілді. Сонымен қатар, бұл жобаның облыс әкімінің тікелей бақылауында екені айтылып, құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау міндеті жүктелді.

Одан кейін жұмыс сапары «Абдулла» шаруа қожалығының құс фабрикасында жалғасты. Бұл жоба өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және құс шаруашылығын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық бастама саналады.

Жалпы құны 5,5 миллиард теңгені құрайтын жоба ресейлік серіктестермен бірлесіп жүзеге асырылуда. Кәсіпорын толық іске қосылғаннан кейін жылына 5,5 мың тонна құс етін өндіруге мүмкіндік алады. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 98 пайызы аяқталған. Жобаны жақын күндері пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Құс фабрикасының іске қосылуы аудан экономикасына елеулі серпін бермек. Ең бастысы, 120 жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті тұрғындардың тұрақты жұмыспен қамтылуына мүмкіндік жасалады. Сонымен қатар, өңірде өндірілетін құс еті көлемінің артуы ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Сапардың қорытынды нысаны ретінде «Қожамберді Батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал сою және ет экспорттау орталығы қаралды. Бұл кәсіпорын өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды өндірістік жобалардың бірі болып табылады.

Орталықтың өндірістік қуаттылығы жылына 2 мың тонна ет өңдеуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңда кәсіпорын жақын шетел мемлекеттеріне 1000 тонна қой етін экспорттау жөнінде келісім жасаған. Бұл өңір өнімдерінің сыртқы нарықтағы сұранысын арттырып, жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілеріне жаңа мүмкіндіктер ашады.

Жалпы, жұмыс сапары барысында қаралған жобалар Жаңақорған ауданының экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстардың нақты көрінісі болды. Ауыл шаруашылығы, қайта өңдеу өнеркәсібі, көлік инфрақұрылымы және экспорттық өндіріс бағыттарындағы бұл бастамалар жаңа жұмыс орындарын ашуға, инвестиция тартуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Бахыт Жаханов жүзеге асырылып жатқан жобалардың өңір үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Ол жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымдарға жұмыстардың сапасы мен мерзіміне ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыру, өндіріс көлемін ұлғайту және тұрақты жұмыс орындарын ашу аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының басты басымдықтарының бірі болып қала беретінін жеткізді.

БӨЛІСУ