Қызылорда облысында соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар қолға алынып, өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға басымдық берілуде. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының елдегі көлік-логистикалық жүйені дамыту жөніндегі тапсырмаларына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Қызылорда қаласын айналып өтетін жаңа автомобиль жолының құрылысы. Аталған нысан халықаралық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің құрамдас бөлігі болып саналады және өңірдегі көлік қозғалысын оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Жалпы ұзындығы 25,8 шақырымды құрайтын І-б техникалық санаттағы төрт жолақты айналма жолдың жобалық құны 46,4 миллиард теңгені құрайды. Жоба аясында төрт көпір, екі жол айрығы, демалыс алаңдары мен су өткізу құрылыстары салынбақ. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарының алғашқы кезеңі басталып, мердігер мекеме тиісті жұмыстарды жүргізуде.
Мамандардың пікірінше, айналма жолдың пайдалануға берілуі арқылы ауыр жүк көліктерінің қала көшелері арқылы қатынауы азайып, көлік ағыны реттеледі. Бұл өз кезегінде жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, экологиялық ахуалды жақсартуға және қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар өңір үшін стратегиялық маңызы жоғары тағы бір жоба – «Қызылорда – Ақтөбе» бағытындағы автомобиль жолын төрт жолақты І-б техникалық санатқа көшіру жұмысы. Ұзындығы 462 шақырымды қамтитын бұл жобаның жалпы құны 832,8 миллиард теңгеге бағаланған. Қазіргі таңда қажетті рәсімдер аяқталып, қаржыландыру көздерін айқындау бағытында жұмыстар жүргізілуде. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдан бастап кезең-кезеңімен іске асыру жоспарланған.
Аталған жоба өңір халқы тарапынан ұзақ жылдар бойы көтеріліп келген мәселелердің бірі болатын. Себебі Қызылорда мен Ақтөбе облыстарын жалғайтын күре жол еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерін байланыстыратын негізгі көлік дәліздерінің бірі саналады. Жолдың қазіргі жағдайы көлік қозғалысының қарқындылығын толық қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейтіндіктен, оны кеңейту қажеттілігі күн тәртібінен түскен емес.
Сарапшылар бұл жобаның ең басты артықшылығы – жол қауіпсіздігін арттыру екенін атап өтеді. Соңғы жылдары аталған бағытта көлік ағынының ұлғаюына байланысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу мәселесі өзекті болып отыр. Сондықтан жолды төрт жолаққа кеңейту ең алдымен адам өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға бағытталған маңызды қадам ретінде бағалануда.
Бұл бастаманың нақты іске асуына бұрынғы облыс әкімі, қазіргі Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың қосқан үлесі ерекше. Ол аймақ басшысы қызметін атқарған кезеңде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу, жобалау-сметалық құжаттарын дайындау және тиісті мемлекеттік органдармен келісу жұмыстарын жеделдетуге күш салды. Нәтижесінде бүгінде жобаны жүзеге асыруға қажетті негіз қалыптасып отыр.
Өңірдегі жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары тек республикалық жобалармен шектелмейді. Қазіргі таңда Қызылорда қаласының ішкі көшелерін жаңғырту бағытында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жалпы құны 4,3 миллиард теңгені құрайтын жоба аясында 32 көшенің 35,9 шақырым жолы күрделі жөндеуден өтуде. Оның ішінде тұрғындар көп пайдаланатын Бауыржан Момышұлы көшесіндегі құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Қалалық жолдарды жаңарту тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырумен қатар, көлік қатынасының қолайлылығын қамтамасыз етуге және қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға оң әсерін тигізеді.
Жалпы алғанда, Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан көлік инфрақұрылымы жобалары аймақтың экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды бастамалар болып табылады. Айналма жол құрылысы мен «Қызылорда – Ақтөбе» автожолын жаңғырту жобасы өңірдің транзиттік әлеуетін күшейтіп қана қоймай, инвестициялық тартымдылығын арттыруға, логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуге және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді.
Бүгінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың басшылығымен қолға алынған жұмыстардың жүйелі жалғасуы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, Сыр елінің инфрақұрылымдық әлеуетін жаңа деңгейге көтеруге негіз қаламақ.