Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Қазалы ауданына жұмыс сапары аясында Жанкент ауылының тұрғындарымен кездесуі және аудан активінің жиыны өтті. «Руханият орталығында» ұйымдастырылған басқосуға облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары, аудан басшылығы, мекеме-кәсіпорын жетекшілері мен қоғам өкілдері қатысты.
Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттер кеңінен талқыланды.
Кездесу барысында облыс әкімі Қазалы ауданының өңір экономикасындағы маңызды орнын атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар ауданның әлеуетін толық пайдалану үшін инвестиция тарту жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Аймақ басшысы аудан әкімдігіне жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлікті дамыту және жеке инвестицияларды көбейту бағытындағы жұмыстарды жандандыруды тапсырды. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше назар аударып, ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізудің маңыздылығын жеткізді.
Жиында құрылыс саласындағы жұмыстар да жан-жақты қаралды. Облыс әкімі жауапты сала басшыларына тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар құрылысының сапасын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді. Әсіресе құрылыс мерзімдерінің сақталуы мен бюджет қаражатының тиімді игерілуі басты назарда болуы керектігін айтты.
Соңғы төрт жылда Қазалы ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Осы кезеңде 280 пәтер пайдалануға беріліп, жүздеген отбасының баспана мәселесі шешімін тапты. Бұл көрсеткіш ауданның әлеуметтік дамуына оң әсер етіп, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік берді.
Аймақ басшысы осы ретте құрылыс саласына жетекшілік ететін аудан әкімінің орынбасары мен құрылыс бөлімінің басшысына тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың сапасына ерекше жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Әрбір нысан белгіленген талаптарға сай салынып, тұрғындардың игілігіне уақытылы берілуі тиіс екенін атап өтті.
Жиында газдандыру мәселесі де кеңінен сөз болды. Бүгінде Қазалы ауданын газдандыру деңгейі 75 пайызға жеткен. Бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі жұмыстардың нәтижесі.
Биыл республикалық бюджеттен бөлінген 680 миллион теңге қаржы есебінен Жанқожа батыр, Бекарыстан би, Майдакөл және Түктібаев ауылдарын газдандыру жұмыстары басталды. Сонымен қатар құжаттары толық дайындалған тағы алты ауылды табиғи газға қосу жобаларын іске асыру мәселесі қаралуда.
Осыған байланысты облыс әкімі аудан әкімдігіне облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен, сондай-ақ салалық министрліктермен бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды. Нәтижесінде ауданның қалған елді мекендерін кезең-кезеңімен газдандыру көзделіп отыр.
Кездесуде аудан үшін стратегиялық маңызы бар жобалардың бірі – Қарлаң көпірінің құрылысы да талқыланды. Сырдария өзені арқылы өтетін бұл нысан ауданның көлік инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған ірі жобалардың бірі саналады.
Өткен жылы көпір құрылысына 6,3 миллиард теңге бөлінсе, биыл облыстық бюджеттен қосымша 2,2 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде.
Облыс әкімі жауапты басқармалар мен мердігер ұйымдарға құрылыс қарқынын бәсеңдетпей, жұмыстың сапасын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар көпірді белгіленген мерзімде пайдалануға беру қажеттігін қатаң ескертті.
Жиын барысында әлеуметтік инфрақұрылым, тұрғындарды жұмыспен қамту, ауыл шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті қолдау және жастар саясаты мәселелері де сөз болды. Аймақ басшысы ауданның барлық саласында оң динамика қалыптасқанын атап өтіп, бұл жұмыстарды одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.
Аудан активімен кездесуден кейін облыс әкімі «Руханият орталығында» Қазалының белсенді жастарымен жүздесті. Еркін форматта өткен кездесуде жастар өздерінің бастамалары мен жобаларын таныстырып, өңірді дамытуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.
Кездесу барысында жастардың инновациялық идеялары, кәсіпкерлік бастамалары, қоғамдық жобалары мен әлеуметтік мәселелерге қатысты көзқарастары талқыланды. Аймақ басшысы жастардың белсенділігі мен жаңашылдығына жоғары баға беріп, олардың бастамалары әрдайым қолдау табатынын жеткізді.
Жұмыс сапары қорытындысында облыс әкімі жауапты сала басшыларына барлық жобаларды белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтауды, халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.