МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР КҮНІНЕ АРНАЛҒАН САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ

Бүгін Қызылорда қаласындағы Достық үйінде 4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған салтанатты шара өтті. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысып, сырбойылықтарды мерекемен құттықтады.

Аймақ басшысы өз сөзінде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның тәуелсіздігіміздің басты нышандары екенін атап өтіп, олардың ел бірлігі мен ұлттық рухты нығайтудағы маңызына тоқталды.

– Мемлекеттік рәміздер – егемендігіміздің айқын белгісі, халқымыздың мақтанышы. Олар әрбір азаматтың жүрегіне отансүйгіштік сезімін ұялатып, елдік мұраттарға жетелейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Көк байрағымыз – мызғымас мемлекеттіліктің белгісі, Елтаңбамыз – азаттықтың айшықты көрінісі, Әнұранымыз – еркіндік пен елдіктің үні. Осы құндылықтарды қастерлеу – баршамыздың ортақ парызымыз, – деді облыс әкімі.

Мерекеге орай облыс көлемінде Мемлекеттік Ту көтеру рәсімдері ұйымдастырылып, түрлі форматтағы іс-шаралар өткізілуде. Салтанатты жиында ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген бірқатар азаматтар марапатталды.

Шара барысында мәдениет қайраткері Шәкизада Әбдікәрімов сөз сөйлеп, Мемлекеттік рәміздердің тарихи және рухани маңызы жөнінде ой бөлісті.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес бірқатар жерлестер «Құрмет» орденімен, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен наградталды. Сонымен қатар, ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаевтың Алғыс хаты табысталып, азаматтарға облыстың Құрмет грамотасы, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медалі және облыс әкімінің Алғыс хаты берілді.

Салтанатты шара Мемлекеттік рәміздерге деген құрметті арттырып, елдік құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды мерекелік кездесуге ұласты.

БӨЛІСУ