Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес, Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков Ақмая, Тұран, Жуантөбе және Бестам ауылдық округтерінің тұрғындарымен есептік кездесу өткізді.
Кездесулер барысында аудан басшысы өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобалар мен инфрақұрылымдық жұмыстардың барысын баяндап, алдағы жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың жалғасатынын атап өтті.
Ақмая ауылында электр желілері жаңартылып, барлық көшелерге жарықдиодты шамдар орнатылды. Сондай-ақ, спорт және балалар ойын алаңдары салынды. Тұран ауылында көше жарығын орнату жұмыстары жүргізіліп, елді мекен көшелерінің 81 пайызы жарықтандырылды. Бұдан бөлек, тұрғындар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлікпен айналысуда.
Жуантөбе ауылында электр желілеріне техникалық қызмет көрсетіліп, бірқатар көшелер күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда бірнеше көшеде жол жөндеу жұмыстары жалғасуда. Ал Бестам ауылында су арналары тазаланып, электр желілері жаңартылды. Сонымен қатар, жаңа клуб үйі пайдалануға берілді.
Кездесу соңында тұрғындар өзекті мәселелерін көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі көтерілген мәселелер заң аясында кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.