БАЛАЛАРҒА ҚУАНЫШ СЫЙЛАҒАН МЕРЕКЕ

1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Шиелі кентінде жаңадан бой көтерген «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебі» ғимаратында кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Балаларға арналған бұл айтулы мереке аудан тұрғындары мен бүлдіршіндер үшін ерекше қуанышқа толы күнге айналды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков қатысып, аудан тұрғындары мен жас өрендерді мерекемен құттықтады. Өз сөзінде аудан басшысы балалардың қоғамдағы орны мен олардың жан-жақты дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталды.

– Балалар – еліміздің ең басты байлығы, мемлекетіміздің жарқын келешегі. Олардың сапалы білім алып, қауіпсіз әрі бақытты ортада өсуі – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын арттыру және олардың шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі ашылып отырған жаңа нысандар – сол қамқорлықтың нақты көрінісі, – деді аудан әкімі.

Мерекелік жиында ауданның білім беру саласында жүзеге асырылып жатқан маңызды жобалар кеңінен таныстырылды. Соңғы жылдары өңірде білім инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп, жаңа білім беру мекемелері пайдалануға берілуде. Атап айтқанда, 2023 жылы Байсын ауылындағы №207 Жаңатұрмыс орта мектебі ел игілігіне тапсырылса, өткен жылы Жансейіт ауылындағы №133 негізгі мектептің құрылысы аяқталды. Сонымен қатар, Шиелі кентіндегі №252 Ғ.Ковтунов атындағы мектеп-гимназиясына бастауыш сыныптарға арналған қосымша оқу корпусы салынып, №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Балалардың қосымша білім алуына бағытталған жаңа «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» пайдалануға берілуі ауданның білім және мәдениет саласындағы маңызды жетістіктерінің бірі болды. Жалпы құны 1 миллиард 68 миллион теңгені құрайтын бұл нысандар жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың өнер мен ғылымға деген қызығушылығын дамытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде аудан бойынша 91 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 18 мемлекеттік балабақша, 5 шағын орталық және 68 жеке балабақша бар. Бұл ұйымдарда 6400-ден астам бүлдіршін тәрбиеленуде. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту деңгейін арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып келеді.

Жас ұрпақтың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биыл аудандық «Сыр ұланы» тынығу лагерінде 700 баланың демалуы жоспарланған. Сонымен қатар ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау шаралары тұрақты түрде жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда 134 бала үйден білім алса, педагогикалық-психологиялық түзету кабинетінде 71 балаға арнайы қызмет көрсетілуде.

Мерекелік шара барысында аудан бүлдіршіндері ән мен биден шашу шашып, өнерлерін ортаға салды. Балалардың шығармашылық қабілеттерін насихаттайтын сурет көрмесі ұйымдастырылып, онда жас суретшілердің үздік жұмыстары көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптейтін зияткерлік ойындар көрмесі мен шахмат жарыстары өткізілді.

Мереке аясында түрлі ойын-сауық бағдарламалары, спорттық жарыстар, шығармашылық және танымдық алаңдар жұмыс жасап, балалар көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Ата-аналар мен қонақтар бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасып, мерекелік шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ризашылықтарын білдірді.

Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған бұл мереке өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың жарқын көрінісіне айналып, балалардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету жолындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын тағы бір мәрте көрсетті.

БӨЛІСУ