Жалағаш ауданында кадрлық өзгеріс орын алып, аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөліміне жаңа басшы тағайындалды. Бұл туралы аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен актив отырысында мәлім болды.
Жиын барысында аудан әкімі аудан активіне аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің жаңа басшысы Жамалатов Мардан Сырмағанбетұлын таныстырып, алдағы қызметіне сәттілік тіледі. Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына сәйкес аудан әкімінің өкімімен тағайындалған жаңа басшыға кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларын дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, сауда саясатын үйлестіру және саланың даму көрсеткіштеріне тұрақты мониторинг жүргізу міндеттері жүктелді.
Аудан әкімі өз сөзінде Мардан Сырмағанбетұлының мемлекеттік қызмет саласында мол тәжірибе жинақтағанын атап өтіп, жаңа лауазымдағы жұмысына сенім білдірді.
– Мардан Сырмағанбетұлы мемлекеттік қызметтің түрлі сатыларында еңбек етіп, ұйымдастырушылық қабілеті мен кәсіби біліктілігін көрсете білді. Алдағы уақытта кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларының дамуына серпін беріп, аудан экономикасының өркендеуіне өз үлесін қосады деп сенеміз, – деді аудан әкімі.
Мардан Сырмағанбетұлы 1988 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді маман. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде құқықтану мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын Алматы қаласындағы әскери бөлімде келісімшарт негізінде әскери қызметтен бастаған. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолы 2013 жылы Жалағаш аудандық ішкі саясат бөлімінде жетекші маман қызметінен бастау алады. Кейін бас маман лауазымында жұмыс істеп, мемлекеттік басқару саласында тәжірибе жинақтады.
2018-2022 жылдар аралығында Жалағаш кенті әкімінің орынбасары, аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторы қызметтерін атқарды. Ал 2022 жылдан бері Жалағаш кентінің әкімі ретінде қызмет етіп, кенттің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бірқатар жобалардың жүзеге асуына атсалысты.
Мемлекеттік қызметте жинақтаған тәжірибесі мен басқарушылық қабілеті жаңа лауазымда да маңызды міндеттерді нәтижелі жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Қазіргі таңда аудан экономикасында кәсіпкерлік пен өнеркәсіп салаларының рөлі артып келеді. Инвестициялық жобаларды іске асыру, өндіріс көлемін ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және шағын және орта бизнесті дамыту бағытындағы жұмыстарды үйлестіру аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі қызметінің негізгі басымдықтарының бірі саналады.
Осы орайда жаңа басшының тәжірибесі мен ұйымдастырушылық әлеуеті ауданның экономикалық даму көрсеткіштерін жақсартуға, кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға және мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуына ықпал етеді деген сенім мол.