ЖАЛАҒАШТА АУЫЛДАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапарымен Жаңаталап ауылдық округіне барып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Сапар барысында ауылдағы бірқатар нысандарды аралап, тұрғындармен еркін форматта кездесу өткізді.

Кездесуге ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар, сала мамандары және тұрғындар қатысып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспары төңірегінде пікір алмасты. Ашық форматта өткен жүздесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Аудан әкімі кездесуде Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан ауқымды жобалар туралы кеңінен баяндады. Оның айтуынша, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ауылдық елді мекендердің инфрақұрылымын жетілдіру және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.

– Бүгінде аудан көлемінде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Елді мекендердің әлеуетін арттыру, жолдардың сапасын жақсарту, электр желілері мен коммуналдық жүйелерді жаңғырту, ауылдарды абаттандыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған, – деді аудан басшысы.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары инфрақұрылымдық мәселелерге, көшелердің жағдайына, абаттандыру жұмыстарына, көше жарығына, қоғамдық орындардың тазалығына және әлеуметтік нысандардың жұмысына қатысты өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар ауылдың одан әрі дамуына қатысты ұсыныстарын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын жеткізді.

Жиында елді мекенді көркейту мәселесі де кеңінен талқыланды. Соңғы жылдары аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың маңызы ерекше екені айтылып, ауыл тұрғындары да қоршаған ортаның тазалығын сақтауға белсенді атсалысуы қажеттігі атап өтілді.

БӨЛІСУ