АҚСУДА АУЫЛЫНЫҢ КӨШЕЛЕРІ ЖӨНДЕЛУДЕ

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жұмыс сапарымен Ақсу ауылдық округіне барып, ауылдың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты. Сапар барысында аудан басшысы ауыл тұрғындарымен еркін форматта кездесу өткізіп, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелер бойынша ашық әңгіме өрбітті.

Кездесуге ауыл ақсақалдары, қоғамдық кеңес мүшелері, жастар және тұрғындар қатысып, елді мекеннің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алдағы даму жоспары төңірегінде пікір алмасты. Аудан әкімі тұрғындармен тікелей жүздесудің басты мақсаты – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, көтерілген мәселелердің шешілу жолдарын қарастыру екенін атап өтті.

Жиында Ардақ Ибраимов Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Үкіметтің қолдауымен және облыс әкімінің бастамасымен аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан маңызды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобалар туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар елді мекендердің әлеуетін арттыру, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және ауылдардың инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.

Кездесу барысында тұрғындар ауылда атқарылып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе жол жөндеу, электр желілерін жаңарту, абаттандыру, көше жарығын орнату және қоғамдық орындардың жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, соңғы жылдары ауылдың келбеті айтарлықтай өзгеріп, инфрақұрылымдық жобалардың нәтижесі халықтың тұрмысынан көрініс табуда.

Айта кетейік, биыл Ақсу ауылындағы үш көшеге күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтқанда, М.Әуезов, Т.Қожақұлов және Ақбөгет көшелеріне толықтай асфальт төсеу жоспарланған. Бұл жұмыстар ауылішілік жолдардың сапасын арттырып, тұрғындардың қатынасын жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар тағы үш көшеге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, тиісті мекемелерге ұсыныстар берілген. Жобалар қолдау тапқан жағдайда алдағы кезеңде бұл көшелер де кезең-кезеңімен жаңғыртылатын болады.

Ауыл тұрғындары өткен жылы жүзеге асқан маңызды жобалардың бірі – Беркінбай кәлпе – Жалағаш бағытындағы автожолды жаңғырту жұмыстары екенін атап өтті. Нәтижесінде жол толық асфальтталып, тұрғындардың аудан орталығымен және көршілес елді мекендермен қатынасы әлдеқайда жақсарған.

Бүгінде Ақсу ауылының тұрғындары табиғи газдың игілігін көріп отыр. Бұл ауыл халқының тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, әлеуметтік жағдайының жақсаруына да оң әсерін тигізуде. Сонымен бірге электр желілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп, энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру бағытында нақты шаралар қолға алынған.

Кездесу соңында аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығы назарға алынатынын айтып, жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Сондай-ақ ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын жеткізді.

Жалпы, Ақсу ауылдық округінде жүзеге асырылып жатқан жобалар елді мекеннің инфрақұрылымын жақсартуға, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға және ауылдың тұрақты дамуына бағытталған. Халықпен ашық диалог форматында өткен кездесу тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге және жергілікті жердегі өзекті мәселелерді дер кезінде шешуге мүмкіндік берді.

БӨЛІСУ