ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан әкімдігінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен кезекті мәжіліс өтіп, онда 2025-2026 оқу жылының қорытындылары, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер, сондай-ақ облыс әкімі тарапынан берілген тапсырмалардың орындалу барысы жан-жақты қаралды.

Мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары, кент және ауылдық округ әкімдері, бөлім және мекеме басшылары қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша есептер тыңдалды. Жиында аудан әкімі қаралған мәселелердің әрқайсысының маңыздылығына тоқталып, жауапты сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктеді.

Өз сөзінде аудан басшысы Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан берілген тапсырмалардың сапалы орындалуы басты назарда болуы керектігін атап өтті.

– Бүгінгі Үкімет отырысында қаралған мәселелер бойынша аймақ басшысы тарапынан нақты тапсырмалар берілді. Барлық тапсырмалар сапалы әрі уақытылы орындалуы тиіс. Әсіресе балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барысында қауіпсіздік мәселесі бірінші орында болуы қажет. Жазғы кезеңде барлық үйірмелер мен спорттық секциялардың тұрақты жұмысын қамтамасыз етіңіздер. Лагерьлердегі санитарлық талаптар мен қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы керек. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың ауданда жүзеге асырылу барысын тұрақты бақылауда ұстап, белгіленген көрсеткіштердің орындалуына жауапкершілікпен қарау қажет, – деді Ардақ Әбдіғаппарұлы.

Мәжілісте аудандық білім бөлімі тарапынан 2025-2026 оқу жылының қорытындылары баяндалды. Биыл аудан бойынша 470 оқушы мектеп бітіріп отыр. Оның ішінде 414 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Сонымен қатар 20 оқушы «Алтын белгі» иегері атануға үміткер болса, 42 түлек «Үздік аттестатқа» ұсынылған.

Бұл көрсеткіштер аудан мектептеріндегі білім сапасының артып келе жатқанын көрсетеді. Оқу жылы барысында білім алушылар түрлі пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар байқауларында жоғары нәтижелерге қол жеткізген.

Атап айтқанда, республикалық ауыл мектептеріне арналған олимпиаданың облыстық кезеңіне ауданнан 106 оқушы қатысып, олардың 22-сі республикалық кезеңге жолдама алған. Нәтижесінде аудан оқушылары республикалық кезеңде де өз білімдерін дәлелдеп, 8 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Оның ішінде 3 оқушы Алтын медаль, 2 оқушы Күміс медаль және 3 оқушы Қола медаль жеңіп алды. Бұл жетістіктер ауданның білім беру саласында жүйелі жұмыстардың жүргізіліп жатқанын айғақтайды.

Жиында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Оқушылардың жазғы каникул уақытын тиімді өткізуі, олардың бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру, шығармашылық және спорттық қабілеттерін дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жоспарланған.

Биыл аудандағы негізгі сауықтыру орны саналатын «Ақтерек» лагерінде 452 баланың демалуы көзделіп отыр. Оның ішінде 402 бала міндетті оқу қоры арқылы қамтылса, 50 бала кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен демалады. Сонымен қатар балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында түрлі мәдени-көпшілік іс-шаралар, спорттық жарыстар, танымдық кездесулер мен экскурсиялар өткізу жоспарланған.

Аудан әкімі жауапты мекемелерге балалардың демалысын ұйымдастыруда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Әсіресе лагерьлердің санитарлық жағдайы, өрт қауіпсіздігі, медициналық қызметтің дайындық деңгейі және балалардың денсаулығын қорғау мәселелері тұрақты бақылауда болуы қажеттігін атап өтті.

Мәжілісте бұдан бөлек «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, елді мекендердің тазалығы мен абаттандыру деңгейін арттыру бойынша бірқатар міндеттер белгіленді. Аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау, қоғамдық орындарды көркейту, көгалдандыру жұмыстарын күшейту бағытындағы шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Жиын соңында күн тәртібінде қаралған барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданып, кент және ауылдық округ әкімдеріне, бөлім және мекеме басшыларына нақты хаттамалық тапсырмалар берілді. Аудан әкімі жүктелген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын ескертіп, жауапты тұлғаларды нәтижелі жұмыс жүргізуге шақырды.

Осылайша мәжілісте қаралған мәселелер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өскелең ұрпақтың сапалы білім алып, қауіпсіз ортада демалуын қамтамасыз ету бағытындағы маңызды міндеттердің бірі ретінде айқындалды.

БӨЛІСУ