Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында Қазалы ауданында ерекше қамқорлыққа мұқтаж бүлдіршіндердің жүзінен шаттықтың шуағы көрінді. Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі үйден білім алатын оқушылардың шаңырағына арнайы барып, мерекелік қуаныш сыйлады.
Бұл – жай ғана сыйлық табыстау емес, әр баланың қоғам үшін маңызды екенін сезіндіретін, жүрекке жылу ұялататын тағылымды кездесу болды. Жамбыл Жабаев атындағы №234 мектептің оқушысы Әбубек Мансұр мен Жанқожа батыр атындағы №70 мектептің оқушысы Ерлан Елдар аудан басшысының ақжарма тілегі мен ыстық ықыласына бөленді.
Баланың қуанышы – ата-ананың бақыты, ал олардың жарқын болашағына деген сенім – ел ертеңіне деген сенім. Сондықтан мұндай қамқорлық пен жанашырлық ерекше балалардың ғана емес, олардың отбасыларының да жүрегіне үміт пен қуаныш сыйлайды.
Балғындардың шат күлкісі, мөлдір жанары мен риясыз қуанышы мерекенің басты мәнін айшықтай түсті. Өйткені әрбір бала мейірім мен қамқорлыққа лайық. Баланы қуанту – болашаққа қуаныш сыйлау. Осы күні кішкентай жүректерге жол тапқан ізгілік пен жанашырлықтың шынайы көрінісі көптің көңілін толқытты.