БІР ШАҢЫРАҚТА ҮШ БАҚЫТ: ҚЫЗЫЛОРДАДА ҮШЕМ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

Қызылорда облысында көпбалалы отбасылар қатары тағы бір қуанышты жаңалықпен толықты. Облыстық перинаталдық орталықта дүниеге келген үшем қыздар – Хадия, Дария және Жәния бүгінде дәрігерлердің жіті бақылауы мен сапалы медициналық көмектің арқасында үйлеріне шығарылуға дайын.

Сәбилер биыл 27 наурыз күні жүктіліктің 32 аптасында өмірге келген. Шақалақтардың салмағы 1210, 1470 және 980 грамм болғандықтан, олар екі ай бойы ана мен бала орталығының жоғары тәуелділіктегі нәрестелерге арналған бөлімшесінде ем қабылдады. Осы уақыт аралығында мамандардың кәсіби көмегі мен заманауи күтімнің нәтижесінде нәрестелердің денсаулығы жақсарып, салмақтары тиісінше 2390, 3390 және 2060 граммға дейін өсті.

Қуанышты сәтке орай облыстық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Айгүл Асылбекқызы арнайы барып, жас ата-ананы құттықтап, басқарма атынан сый-сияпат табыстады.

Үшемдердің анасы – 32 жастағы Мөлдір Бекбаулы, әкесі – 34 жастағы Берікбол Нұрсұлтан. Сырдария ауданының Басарық ауылында тұратын Баймановтар отбасы бұған дейін де екі бала тәрбиелеп отырған өнегелі жанұя. Енді олардың шаңырағы үш бірдей қыздың күлкісіне толып, отбасы мүшелерінің саны жетіге жетті.

Бұл қуанышты оқиға өңірдегі ана мен бала денсаулығын сақтау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесін көрсетеді. Дәрігерлердің қажырлы еңбегі мен ата-ананың үміті ұштасқан сәтте өмір үшін күрескен үш бүлдіршін бүгінде дені сау, болашағы жарқын сәбилерге айналып отыр. Үшем қыздардың өмір жолы ақ болып, ел мақтанышына айналсын деген тілек көпшілік жүрегінен орын алды.

БӨЛІСУ