Қоғамдық тәртіп пен жасөспірімдер қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қоғам алдындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырып келе жатқан Жаңақорған ауданында кезекті түнгі профилактикалық рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаевтың жетекшілігімен өткен рейдке аудандық білім бөлімі, аудандық полиция бөлімі, білім беру ұйымдарының өкілдері және жауапты сала мамандары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жасөспірімдердің түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруінің алдын алу, құқықбұзушылыққа жол бермеу және қоғамдық тәртіпті сақтау.
Рейд барысында аудан аумағындағы жастар көп жиналатын орындар, ойын-сауық мекемелері, саябақтар, компьютерлік клубтар мен көше бойлары бақылауға алынды. Арнайы топ қоғамдық орындардағы тәртіпті тексеріп, түнгі мезгілде ата-анасының қарауынсыз жүрген жасөспірімдермен профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Сонымен қатар кәсіпкерлік нысан иелеріне де қауіпсіздік талаптары түсіндіріліп, заң талаптарын сақтау қажеттігі ескертілді. Әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты заң талаптарын бұзуға жол бермеу, қоғамдық орындарда тәртіпті сақтау және бейнебақылау жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мәселелері назарға алынды.
Рейдтік іс-шара барысында тұрғындармен де түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы ақпараттар берілді. Мамандар ата-аналарға балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың маңызын түсіндіріп, олардың жүріс-тұрысына жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Аудан әкімінің орынбасары Нариман Жахудаев жасөспірімдердің қауіпсіздігі – баршаға ортақ жауапкершілік екенін атап өтті.
– Қоғамдық қауіпсіздік тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Балалардың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне ата-ана, мектеп, қоғам болып бірлесе көңіл бөлгенде ғана нәтижеге қол жеткіземіз. Сондықтан мұндай рейдтік шаралар тұрақты түрде жалғасады, – деді ол.
Бүгінде аудан көлемінде құқықбұзушылықтың алдын алу, жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру және қауіпсіз орта құру бағытында түрлі профилактикалық шаралар тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осындай бірлескен жұмыстар қоғамдағы тәртіпті нығайтып қана қоймай, өскелең ұрпақтың жауапкершілігін арттыруға, құқықтық сауаттылығын қалыптастыруға оң ықпал етуде.
Жауапты мекемелер алдағы уақытта да қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейте түсетін болады.