Мемлекет басшысы бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Жаңақорған ауданында кезекті кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылды. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауды көздейтін игі шараға аудан тұрғындары белсенді қатысып, көпшілік бір мақсат жолында жұмылды.
Бұл жолғы тазалық жұмыстары теміржол бекеттері мен Жаңақорған теміржол вокзалының аумағында жүргізілді. Таңғы уақыттан басталған сенбілік барысында вокзал маңы мен теміржол бойындағы арамшөптер шабылып, жиналған күл-қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен сыртқа шығарылды. Ұзақ уақыттан бері тазалауды қажет етіп келген аумақтар ретке келтіріліп, санитарлық жағдайы жақсарды.
Экологиялық акцияға аудан әкімі Мажит Самитов арнайы қатысып, сенбілікке белсенді атсалысқан азаматтарға ризашылығын білдірді. Аудан басшысы тазалық – тек бір күндік науқан емес, ол әрбір тұрғынның күнделікті өмір салтына айналуы қажет екенін атап өтті.
– Туған жердің тазалығы мен көркеюі – баршамызға ортақ міндет. Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға үлкен серпін беріп отыр. Осындай жұмыстарға белсенді араласып жүрген азаматтарға алғыс білдіремін, – деді аудан әкімі.
Шара барысында ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып жүрген бірқатар мекеме қызметкерлері, еріктілер мен белсенді азаматтар аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – қоғамға жанашырлық танытып, туған жердің тазалығына үлес қосқан азаматтардың еңбегіне берілген құрмет болды.
Сондай-ақ сенбілік барысында кенттік ардагерлер кеңесінің төрағасы Серхожа Ыдырысов сөз сөйлеп, көпшіліктің ұйымшылдығына ризашылығын білдірді. Ол тазалық мәселесі ұлт денсаулығы мен ұрпақ тәрбиесіне тікелей байланысты екенін айтып, жастарды табиғатты аялауға шақырды.
– Тазалық – мәдениеттің айнасы. Біз кейінгі буынға таза әрі көрікті орта қалдыруымыз керек. Бүгінгі сенбілікке жастардың белсенді қатысуы көңіл қуантады, – деді ардагер.
Ауқымды акцияға мекеме қызметкерлері, еріктілер, жастар, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысып, жалпы саны 500-ден астам адам жұмылдырылды. Сонымен қатар тазалық жұмыстарына арнайы техникалар тартылып, белгіленген аумақтар толықтай тазартылды.
Соңғы жылдары елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыруға айрықша мән беріліп келеді. «Таза Қазақстан» акциясы да осы бағыттағы маңызды бастамалардың біріне айналды. Мұндай шаралар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайта түседі.
Жаңақорғандықтар бұл бастамаға белсенді қолдау білдіріп, аудан тазалығын сақтау ісіне алдағы уақытта да үлес қоса бермек.