Тазалық – мәдениеттің, жауапкершіліктің және туған жерге деген жанашырлықтың айқын көрінісі. Бүгін ауданымызда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық бағдарламасы аясында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылып, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жұмыстарға белсенді үлес қосып жүрген азаматтар марапатталды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, туған жердің тазалығы – әр азаматтың ортақ міндеті. Осы ұстанымды серік еткен аудан тұрғындары, еріктілер, жастар мен тазалық қызметкерлері бүгінде елге үлгі боларлық еңбек атқарып келеді.
Шара барысында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев экологиялық мәдениетті қалыптастырудың маңызын атап өтіп, аудан тазалығына бейжай қарамай, қоғамға жанашырлық танытып жүрген барша азаматтарға алғысын білдірді. Сонымен қатар, «Арал тазалығы» мекемесіне арнайы техникалардың сертификаты табысталып, сала қызметкерлерінің жұмысына қолдау көрсетілді.
Қаланы көркейту мен тазалық сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген бірқатар қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – адал еңбекке көрсетілген құрмет, тазалыққа деген жанашырлықтың бағалануы.
Таза қала – тұрғындардың ортақ мәдениеті мен ынтымағының көрінісі. Сондықтан мұндай игі бастамалар жалғасын тауып, экологиялық мәдениет қоғам өмірінің ажырамас бөлігіне айнала бермек.