Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Жаңақорған ауданында кең көлемді сенбілік ұйымдастырылды. Игі шара барысында теміржол бекеттері мен Жаңақорған теміржол вокзалының аумағы толықтай тазартылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Экологиялық акцияға аудан әкімі Мажит Самитов арнайы қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосып жүрген азаматтарға ризашылығын білдірді. Сонымен қатар белсенділік танытқан бірқатар мекеме қызметкерлері мен аудан тұрғындары Алғыс хаттармен марапатталды.
Шара барысында ардагерлер кеңесінің төрағасы Серхожа Ыдырысов сөз сөйлеп, тазалықтың қоғам мәдениетін қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Ол акцияға қатысушыларға ізгі тілегін жеткізіп, елді мекеннің тазалығы әрбір тұрғынның ортақ жауапкершілігі екенін айтты.
Сенбілік кезінде вокзал маңы мен теміржол аумағындағы арамшөптер орылып, күл-қоқыстар сыртқа шығарылды. Тазалық жұмыстарына мекеме қызметкерлері, еріктілер, жастар, ардагерлер және аудан тұрғындары белсене қатысып, жалпы саны 500-ден астам адам жұмылдырылды.
«Таза Қазақстан» акциясы өңірдегі экологиялық мәдениетті қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды.