Қазақстан мектептерінде 2025–2026 оқу жылы қорытындылануда.
Еліміздің барлық мектептерінде 2025–2026 оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл оқу жылын 3,9 миллионнан астам оқушы аяқтайды. Оның ішінде екі жүз он бес мыңнан астамы – 11-сынып түлектері.
Оқу жылының қорытындысы бойынша 9-сыныпты үздік аяқтауға үміткерлер саны 31 мыңнан астам оқушыны құрайды. Ал 11-сыныпты үздік аяқтауға 18 мың оқушы үміткер. Бүгінде еліміздің білім беру ұйымдарында 420 мыңнан астам педагог еңбек етуде.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 217 заманауи мектеп пайдалануға берілді. Оның 84-і ауылдық елді мекендерде орналасқан. Қазіргі таңда бұл мектептерде 220 мыңнан астам оқушы білім алып, 16 мыңға жуық педагог жұмыс істеуде.
Оқу жылының аяқталуына орай 25 мамыр күні еліміздің барлық мектептерінде «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Сынып сағаттарында оқу жылы қорытындыланып, оқушылардың жетістіктері мен жарқын сәттері еске алынады. Сондай-ақ «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі құндылықтарына, білім мен ғылымға құрметті арттыруға, инновациялық ойлауды дамытуға Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыт ретінде ерекше назар аударылады. Оқушыларға жазғы каникул кезінде оқуға ұсынылатын әдебиеттер тізімі таныстырылады.
Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады.
Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.
Бірлескен бұйрық білім алушылар арасында мектеп бітіру іс-шараларын өткізу кезіндегі қауіпсіздік пен қоғамдық құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтуды көздейді.
Қызылорда облысындағы білім саласына қатысты соңғы статистика мен атқарылған жұмыстар өңірдегі демографиялық өсім мен соған сай инфрақұрылымдық дайындықтың жүйелі жүргізілгенін көрсетеді. Биыл облыста 10 317 оқушы мектеп бітірсе, 17 700 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттамақ. Бұл – Сыр өңірінде халық санының артып, жас буын үлесінің көбейіп келе жатқанын аңғартатын маңызды көрсеткіш.
Мұндай өсім әлеуметтік салаларға, әсіресе білім беру жүйесіне үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі оқушы саны көбейген сайын мектеп тапшылығы, үш ауысымдық оқу, орын жетіспеушілігі секілді мәселелер туындайды. Қызылорда облысында осы тәуекелдер бірнеше жыл бұрын ескеріліп, алдын ала жоспарланғаны байқалады. Соның нәтижесінде өңірде мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп, білім инфрақұрылымы кеңейтілді.
Бұл бағыттағы жұмыстардың негізі бұрынғы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың кезеңінде қаланды деуге болады. Сол уақытта демографиялық өсімге болжам жасалып, жаңа мектептер салу, қосымша ғимараттар тұрғызу, үш ауысымдық мектеп мәселесін шешу секілді нақты міндеттер қолға алынды.
Соңғы үш жылда Қызылорда облысының білім саласына 812 млрд 245 млн теңге бөлінуі – аймақ үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды қолдаудың бірі. Оның ішінде тек өткен жылдың өзінде 346 млрд 800 млн теңге қаралған. Бұл қаражаттың басым бөлігі жаңа білім нысандарын салуға, материалдық-техникалық базаны жаңартуға және заманауи мектептер ашуға бағытталған.
2024 жылы 31 млрд 800 млн теңгеге 13 білім беру ұйымының пайдалануға берілуі өңірдегі инфрақұрылымдық жүктемені азайтуға ықпал етті. Ал биыл салаға 300 млрд теңгеге жуық қаржы қаралуы мемлекет тарапынан білім саласына деген басымдықтың сақталып отырғанын көрсетеді.
Ерекше назар аударатын жобалардың бірі – «Келешек мектептері» ұлттық жобасы. Осы бағдарлама аясында Қызылорда облысында 54 млрд 391 млн теңгеге 10 жаңа мектеп салынды. Бұл мектептердің ерекшелігі – заманауи талаптарға сай жабдықталуы, оқушыларға қолайлы орта қалыптастыруы және білім сапасын арттыруға бағытталуы.
Сонымен қатар, 2023 жылдан бері 5 млрд 700 млн теңгеге 9 мектептің жанынан қосымша ғимарат салынған. Бұл шешім жаңа мектеп салумен қатар, қолданыстағы білім ошақтарының мүмкіндігін кеңейтуге жол ашты. Ең бастысы – осы жұмыстардың нәтижесінде Қызылорда облысында ұзақ жылдар бойы өзекті болған үш ауысымдық мектеп мәселесі толық шешімін тапты. Бұл – өңір үшін стратегиялық маңызы бар жетістік.
2022-2026 жылдар аралығында білім саласы бойынша жалпы саны 45 нысанның пайдалануға берілуі де жүйелі жұмыстың көрсеткіші. Оның ішінде:
• 25 мектеп,
• 9 мектепке қосымша ғимарат,
• 2 балабақша,
• 8 қосымша білім беру ұйымы,
• 1 колледж бар.
Бұл көрсеткіштер Қызылорда облысында тек мектеп салуға ғана емес, жалпы білім беру экожүйесін қалыптастыруға көңіл бөлінгенін байқатады. Яғни мектепке дейінгі тәрбиеден бастап, колледж деңгейіне дейінгі инфрақұрылым қатар дамып келеді.
Жалпы алғанда, Қызылорда облысындағы білім саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарды демографиялық өсімге бейімделген ұзақмерзімді саясат деп бағалауға болады. Бүгінгі 17 700 бірінші сынып оқушысы – ертеңгі еңбек нарығының, қоғамның негізгі күші. Сондықтан қазіргі инвестиция – болашақ адами капиталға салынған инвестиция.
Сыр өңірінде соңғы жылдары білім саласына бағытталған қарқын сақталса, облыс алдағы уақытта тек инфрақұрылымдық мәселені шешіп қана қоймай, білім сапасы бойынша да республикадағы алдыңғы қатарлы аймақтардың біріне айналуы әбден мүмкін.