ҚЫЗЫЛОРДА ҚАЛАСЫНЫҢ ЖАҢА БАС ЖОСПАРЫ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТЕ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қызылорда қаласының алдағы жылдардағы даму бағытын айқындайтын маңызды құжаттардың бірі – жаңа Бас жоспар жобасы Қалалық Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы аясында жан-жақты талқыланды. Жауапты сала мамандары мен кеңес мүшелері қатысқан кездесуде шаһардың болашақ келбеті, инженерлік инфрақұрылымы және тұрғын үй құрылысына қатысты өзекті мәселелер көтерілді.

Алдын ала ұйымдастырылған талқылау барысында Қоғамдық кеңес мүшелері бас жоспарға енгізілген жобалар мен жоспарланған өзгерістерге қатысты сауалдарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Әсіресе қала аумағындағы ирригациялық жүйелерді жаңғырту, инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру және тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылғаны айтылды.

Мамандардың мәліметінше, жаңа бас жоспар Қызылорданың демографиялық өсімін, урбанизация үдерісін және қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ескере отырып әзірленген. Құжатта жаңа ықшам аудандарды дамыту, жол желілерін кеңейту, әлеуметтік нысандар салу және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы кешенді шешімдер қамтылған.

Талқылау кезінде қоғамдық кеңес мүшелері қаланың болашақ дамуына негіз болатын жобалық жұмыстардың дайындық деңгейіне оң бағасын берді. Сонымен қатар ұсынылған бастамалардың тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететіні атап өтілді.

Жаңа бас жоспар – тек сәулеттік құжат емес, өңірдің ұзақ мерзімді дамуына бағытталған стратегиялық бағдар. Сондықтан мұндай маңызды құжаттың қоғам өкілдерінің қатысуымен ашық талқылануы халық пікірі мен қала мүддесінің ескеріліп отырғанын көрсетеді.

БӨЛІСУ