МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР ЖӨНІНДЕГІ КОМИССИЯ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Бүгін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен «Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия» отырысы өтті.

Комиссия отырысының күн тәртібінде Мемлекеттік рәміздердің насихатталуы және қолданылу жай-күйіне облыстық инспекциялық топпен жүргізілген тексеру қорытындысы, бірқатар аудандардағы Мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталу барысы қаралды.

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған облыстық инспекциялық топ 2026 жылғы 7-30 сәуір аралығында аймақтағы 104 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізді.

Комиссия қорытындысымен облыстық басқарма басшыларына, Қызылорда қаласы және аудан әкімдеріне, сондай-ақ, аумақтық департамент, инспекция басшыларына Мемлекеттік рәміздердің бекітілген Ұлттық стандарттарға және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес пайдаланылуын, қолданылуы мен орналастырылуын қатаң бақылауда ұстау тапсырылды.

Сонымен қатар, «4 маусым — Мемлекеттік рәміздер күнін» атап өту аясында ақпараттық-имидждік жұмыстардағы бірегейлікті сақтау үшін тиісті тапсырмалар жүктелді.

БӨЛІСУ