ПРЕЗИДЕНТ ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІН ҚАБЫЛДАДЫ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында Мұрат Ергешбаев небәрі 10 күн ішінде облыстың негізгі бағытын айқындап үлгергенін көрсетті. Жаңа әкімнің алғашқы ресми сапары мен облыс ардагерлерімен кездесуі – саяси сабақтастық пен ішкі тұрақтылыққа мән беретінін аңғартса, Президентке жасаған баяндамасы оның экономикалық және инфрақұрылымдық жобаларға басымдық беріп отырғанын байқатты.

Ең бастысы – Қызылорда енді тек мұнай мен шикізатқа тәуелді өңір ретінде емес, инвестиция тарта алатын, әртараптандырылған аймақ ретінде ұсыныла бастады. Алдағы үш жылға жоспарланған 1,9 триллион теңгенің 48 жобасы – аз қаржы емес. Оның ішінде биылдың өзінде 1 триллион теңгелік 14 ірі жобаның басталуы жаңа жұмыс орындары мен өңір экономикасына серпін беруі мүмкін. Бірақ мұндай ірі жобалардың тағдыры көбіне қағаздағы жоспардан нақты іске көшуімен өлшенеді.

Әлеуметтік бағыттағы бастамалар да назар аудартты. 300 орындық көпбейінді аурухана, 500 орындық емхана, 200 орындық перинаталдық орталық салынуы – Қызылордадағы медицина сапасына қатысты көптен айтылып жүрген мәселелерді азайтуға бағытталған қадам. Ал жаңа драма театры мен заманауи кітапхана – өңірдің рухани-интеллектуалдық келбетін жаңартуға жасалған әрекет деуге болады.

Инфрақұрылым бойынша да қозғалыс байқалады. Қызылорда – Ақтөбе трассасының кеңейтілуі мен Бейнеу – Сексеуіл жолының қолға алынуы өңірдің логистикалық әлеуетін арттыруы мүмкін. Бұл тек көлік мәселесі емес, сауда мен инвестиция айналымына да әсер ететін фактор.

Газдандыру мен тұрғын үй мәселесіне қатысты уәделер халық үшін ең сезімтал тақырыптардың бірі. Жыл соңына дейін 10 елді мекенге газ жеткізіліп, қамту деңгейі 85 пайызға жетсе, бұл әлеуметтік тұрмыс сапасына тікелей ықпал етеді. Сондай-ақ 2400 пәтер беру жоспары баспана кезегінде тұрған азаматтар үшін маңызды жаңалық.

Дегенмен Президенттің қорытынды тапсырмаларынан негізгі акцент анық байқалады: экономика, экология және су мәселесі. Әсіресе Арал өңірі үшін экологиялық ахуал мен су үнемдеу технологиялары – кейінге қалдыруға болмайтын стратегиялық міндет. Сондықтан жаңа әкімнің жұмысы енді тек жобаларды жариялаумен емес, нақты нәтижемен бағаланатын кезеңге өтті.

Қысқасы, алғашқы 10 күндегі қадамдар Мұрат Ергешбаевтың «кабинеттік әкім» емес, белсенді жұмыс стилін көрсетуге тырысып жатқанын аңғартты.

БӨЛІСУ