Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен аудан әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссия отырысы өтті.
Мәжіліс барысында күн тәртібіндегі екі мәселе жан-жақты қаралып, жауапты сала басшыларының хабарламалары тыңдалды.
Алғашқы мәселе бойынша аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Садықов хабарлама жасап, «Кәмелетке толмағандар арасында экстремизм мен терроризмнің алдын алу жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған Жол картасы» аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы баяндады. Білім беру ұйымдарында жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру, дәстүрлі құндылықтарды насихаттау, деструктивті діни ағымдардың алдын алу бағытында өткізілген кездесулер мен түсіндірме шаралары таныстырылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет ақпараттық кеңістікте діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан қарсы насихаттық жұмыстар туралы баяндама жасады. Әлеуметтік желілер мен интернет ресурстарында тұрғындарға дұрыс ақпарат тарату, жастардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамда тұрақтылық пен бірлікті нығайту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Ардақ Әбдіғаппарұлы экстремизм мен терроризмнің алдын алу – тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздіктің басты кепілі екенін атап өтті. Сондай-ақ, жауапты бөлім, мекеме басшыларына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, жастармен жүйелі түрде жұмыс жүргізуді, әлеуметтік желілердегі мониторинг жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстауды және салааралық өзара іс-қимылды жандандыруды тапсырды.
Комиссия отырысының қорытындысы бойынша тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеліп, бірқатар тапсырмалар берілді.
Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі