АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ҚҰРҒАҒАН ҰЛТАНЫНДА ЖҮРГІЗІЛГЕН ОРМАН МЕЛИОРАЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ НӘТИЖЕСІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қазалы ауданында Арал теңізінің құрғаған ұлтанында жүргізіліп жатқан орман мелиорациялық жұмыстардың нәтижелері таныстырылды. Экологиялық маңызы зор бастама аясында ұйымдастырылған іс-шараға Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары М. Елемесов, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғ. Еркебай, жергілікті атқарушы орган өкілдері мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

14-15 мамыр күндері өткен жұмыс сапары барысында мамандар Арал теңізінің құрғаған табанында жүзеге асырылып жатқан орман мелиорациялық жұмыстардың барысымен танысып, атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралады. Делегация мүшелері егілген сексеуіл алқаптарын аралап, табиғи ортаны қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан шаралардың тиімділігіне назар аударды.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 миллион гектар жерге сексеуіл екпелерін егу міндеті қойылған болатын. Осыған байланысты 2021-2025 жылдар аралығында өңірде ауқымды орман мелиорациялық жұмыстар жүргізілді.

Нәтижесінде бес жыл ішінде жалпы көлемі 1117,5 мың гектар аумақта орман мелиорациялық жұмыстары толық жүзеге асырылып, Президент тапсырмасы мерзімінде орындалды. Бұл жұмыстар аясында 3440,9 тонна сексеуіл және галофитті өсімдіктердің тұқымы себіліп, 53,2 миллион түп сексеуіл көшеті отырғызылды.

Мамандардың айтуынша, сексеуіл алқаптарын көбейту — экологиялық ахуалды жақсартудың негізгі тетіктерінің бірі. Себебі сексеуіл құм көшкінін тоқтатып, топырақтың тозуын азайтады әрі тұзды шаңның ауаға таралуын тежейді. Бұл өз кезегінде Арал өңіріндегі климаттық жағдайдың тұрақтануына және халық денсаулығына оң әсерін тигізеді.

Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тапты. 2026 жылы орман мелиорациялық шаралары 116 мың гектар алқапта жүргізілді. Қазіргі таңда егілген көшеттердің жерсіну деңгейі мен алқаптардың жағдайына тұрақты мониторинг жасалуда.

Эколог мамандардың пікірінше, Арал теңізінің құрғаған ұлтанын көгалдандыру — тек аймақтық емес, халықаралық деңгейдегі маңызды экологиялық жобалардың бірі. Соңғы жылдары жүзеге асқан жұмыстар өңірдегі табиғи тепе-теңдікті сақтауға және экологиялық апат салдарын азайтуға бағытталған нақты қадам ретінде бағалануда.

Алдағы уақытта да Арал өңірін жасыл желекпен көмкеру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, ғылыми сүйемелдеу арқылы жетілдіріле бермек.

БӨЛІСУ