ЗАҢ МЕН АДАЛДЫҚ — БАСТЫ ҚАҒИДА

Заң мен адалдық – басты қағида: Қызылорда полициясында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселесі талқыланды.

Қоғам сенімі мен құқық үстемдігін қамтамасыз етуде құқық қорғау органдарының жауапкершілігі ерекше. Осы бағыттағы жұмыстарды жүйелі жалғастыру мақсатында Қызылорда облысының Полиция департаментінде жеке құрам арасында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасын сақтау және туындайтын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері» тақырыбында кеңейтілген түсіндірме кездесуі өтті. Маңызды жиын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен бірлесіп ұйымдастырылды.

Кездесудің негізгі мақсаты – құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заң талаптарын сақтау мәдениетін қалыптастыру, кәсіби әдеп қағидаларын нығайту және қоғам алдындағы жауапкершілікті арттыру болды.

Жиынды Қызылорда облысының Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Оралбек Тәубәқабылұлы Омаров ашып, құқық қорғау саласындағы ашықтық пен адалдық мәселесіне кеңінен тоқталды. Ол өз сөзінде сыбайлас жемқорлықтың қоғам мен мемлекет дамуына зор қауіп төндіретінін айтып, мұндай келеңсіз құбылыстың халықтың құқық қорғау органдарына деген сеніміне кері әсер ететінін ерекше атап өтті.

Полковник құқық қорғау саласында қызмет ететін әрбір маман үшін адалдық, әділдік, заңдылық және тәртіп ең басты ұстаным болуы керектігін жеткізді. Оның айтуынша, полиция қызметкерінің кәсіби беделі мен азаматтар алдындағы сенімі – ел қауіпсіздігі мен тұрақтылығының маңызды негіздерінің бірі.

– «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты – кез келген құқық бұзушылыққа, қызметтік әдепті бұзуға және заңсыз әрекеттерге бейжай қарамау деген сөз. Әрбір қызметкер халық сенімін ақтап, кәсіби абыройды жоғары ұстауы қажет, – деді Оралбек Тәубәқабылұлы Омаров.

Жиын барысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Ерлеген Жәрдемұлы Мендалиев баяндама жасап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың негізгі талаптарына жан-жақты тоқталды. Ол мемлекеттік қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби әдебі, қоғам алдындағы жауапкершілігі және қызмет барысында туындайтын жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу мәселелерін кеңінен түсіндірді.

Сонымен қатар жиында мемлекеттік қызмет саласындағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету, заң талаптарын бұлжытпай орындау және қызметтік тәртіпті күшейту бағытындағы жұмыстардың маңызы айтылды. Қатысушыларға құқық бұзушылықтың алдын алуда әр қызметкердің жеке жауапкершілігі зор екені ескертілді.

Кездесу барысында құқық қорғау органдарының қоғам алдындағы беделін сақтау үшін тек кәсіби біліктілік жеткіліксіз екені, сонымен бірге жоғары моральдық ұстаным мен азаматтарға адал қызмет ету қағидаты басты орында тұруы қажеттігі айтылды. Себебі халықтың сенімі – полиция жұмысының басты бағасы.

Шара аясында қатысушыларға сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша қолданыстағы заңнамалар, қызметтік этика талаптары және тәртіптік жауапкершілік мәселелері түсіндірілді. Сонымен қатар құқық қорғау саласындағы ашықтықты күшейту, қоғаммен кері байланысты дамыту және азаматтардың өтініштеріне жедел әрі әділ жауап беру мәселелері де назардан тыс қалмады.

Жиын соңында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес тек жекелеген органдардың емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені атап өтілді. Ал құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңға адал қызмет етуі – мемлекетке және ел болашағына деген жауапкершіліктің айқын көрінісі екені айтылды.

Мұндай түсіндіру шаралары құқық қорғау саласындағы тәртіп пен жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, қоғам мен полиция арасындағы сенімді нығайтуға да оң ықпал етпек.

БӨЛІСУ