“ЕЛТАНУ” ЖОБАСЫ ЖҮЗЕГЕ АСА БАСТАДЫ

Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық «Елтану» жобасы аясында тағылымы мол танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Рухани-мәдени бағыттағы кездесуге Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушылары қатысып, өңірдегі қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты нығайту бағытындағы жұмыстармен танысты.

Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында бірлік пен ынтымақ құндылықтарын қалыптастыру, қоғамдық институттардың қызметін түсіндіру және түрлі этнос өкілдерінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу.

Экскурсия барысында оқушылар Достық үйі жұмысымен жақын танысты. Ғимараттағы этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігі, олардың қоғамдық бастамалары мен мәдени бағыттағы жобалары туралы кеңінен ақпарат берілді. Кездесуді облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жетекшісі Дәулет Омаров жүргізіп, Достық үйінің құрылымы мен негізгі бағыттағы қызметтеріне тоқталды.

Танымдық басқосу аясында оқушыларға арнайы бейнеролик көрсетіліп, Қоғамдық келісім мекемесінің қоғамдағы рөлі түсіндірілді. Сонымен қатар жастар этномәдени бірлестіктердің кабинеттерін аралап, әр ұлттың мәдениеті, салт-дәстүрі мен рухани ерекшеліктері жайында мол мағлұмат алды.

Осындай кездесулер жастардың ел тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, қоғамдағы татулық пен өзара сыйластықтың маңызын терең сезінуге мүмкіндік береді. «Елтану» жобасы – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, біртұтас ел құндылықтарын дәріптеуге бағытталған маңызды бастама.

БӨЛІСУ