Жаңақорғанда мемлекет қолдауының нақты нәтижесін көрсететін тағы бір жоба іске қосылды. Бұрын ауласындағы шағын істен басталған кәсіп бүгінде бүтін бір жылыжай кешеніне айналып отыр. Бұл – тек бір кәсіпкердің жетістігі емес, ауылдағы азаматқа мүмкіндік берілсе, оның өз кәсібін дөңгелетіп, ел экономикасына үлес қоса алатынының айқын дәлелі.
Бүгін аудан әкімі Мажит Самитов «Саяжай» мөлтек ауданында орналасқан жаңа жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асқан бастама бүгінде бірнеше отбасының нәпақасына, жергілікті нарықтың тұрақты өніміне айналып келеді.
Жеке кәсіпкер Наурыз Айымбетовтің кәсібі – табандылық пен мемлекеттік қолдаудың үйлесімінен туған табыс тарихы. Ол алғаш 2023 жылы небәрі 3,9 млн теңге қаржы алып, кәсібін өз үйінің ауласында бастаған еді. Көпшілік секілді тәуекел етті, еңбек етті, нәтижесін көрді. Сұраныс артып, кәсібі тұрақты табыс көзіне айналған соң мемлекет тарапынан тағы қолдау көрсетілді.
2025 жылы оған «Саяжай» мөлтек ауданынан 1 гектар жер телімі берілсе, 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, жылыжай көлемін кеңейтті. Бүгінде мұнда қияр, қызанақ, болгар бұрышы өсірілуде. Ең бастысы – өнімге сұраныс жоғары. Бұл жергілікті өнімнің сапасы мен халық сенімінің белгісі.
Осындай жобалардың маңызы зор. Себебі бір ғана жылыжай — жаңа жұмыс орны, тұрақты табыс, нарықтағы бағаны тұрақтандыру және ауыл экономикасының дамуы деген сөз. Бұрын сырттан тасымалданатын көкөністер енді өз өңірімізде өсіріліп жатыр. Бұл азық-түлік қауіпсіздігі үшін де маңызды.
Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті дамытуға басымдық беріп отырған кезеңде ауылдағы ағайынға беріліп жатқан мұндай мүмкіндік талай азаматтың еңсесін көтеріп келеді. «Ауыл аманаты» жобасы атаулы әлеуметтік қолдау ғана емес, еңбекке ынталандыратын, ауыл тұрғындарын нақты кәсіпке бағыттайтын тиімді бастамаға айналды.
Жаңақорғандағы жаңа жылыжай — соның жарқын көрінісі. Бүгінгі шағын бастама ертең үлкен өндіріс ошағына айналуы әбден мүмкін.