ЖАЛАҒАШТА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА КЕҢ КӨЛЕМДІ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ел көлемінде кең қолдау тауып, қоғамның экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың біріне айналды. Аталған акция аясында Жалағаш ауданында кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылып, ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді.

Тазалық шарасына аудан тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, жастар ұйымдары, еріктілер мен ауылдық округтердің тұрғындары белсенді қатысты. Сенбілік барысында Жалағаш кенті мен барлық ауылдық округтердегі көшелер, жаяу жүргіншілер жолы, саябақтар мен қоғамдық орындар, аяқсу арналары және көпшілік шоғырланатын аумақтар қоқыстан тазартылды.

Сонымен қатар, санитарлық тазалық жұмыстарымен қатар абаттандыру бағытындағы шаралар да қатар жүргізілді. Атап айтқанда, жол жиектеріндегі ағаштар әктеліп, орындықтар мен қоршаулар сырланды. Әлеуметтік нысандар мен ғимараттардың сыртқы келбетін ретке келтіру жұмыстары атқарылып, жол белгілері мен жол сызықтары жаңартылды. Бұл жұмыстар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі таза орта қалыптастыруға бағытталды.

Экологиялық акция аясындағы жұмыстарды аудан әкімі Ардақ Ибраимов арнайы аралап көріп, жауапты сала басшыларына санитарлық тазалықты тұрақты бақылауда ұстау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысы тазалық мәселесі бір күндік науқанмен шектелмей, күнделікті мәдениетке айналуы қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, қоқысты уақытылы шығару, қоғамдық орындардың тазалығын сақтау және көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігі айтылды.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында аудан көлемінде экологиялық ахуалды жақсарту, тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру және туған жердің тазалығына ортақ жауапкершілік қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.

БӨЛІСУ