ҚАЛАНЫ ЫСТЫҚ СУМЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ ЖҰМЫСТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Қала тұрғындарын орталықтандырылған ыстық сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Осыған байланысты бүгін бөлім басшысы Әнуар Айдын Серікұлының төрағалығымен арнайы жиын өтіп, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді ыстық су жүйесіне қосу және жобаны белгіленген мерзімде аяқтау мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиынға сала мамандары, жауапты бөлім өкілдері мен мердігер мекемелер қатысып, атқарылған жұмыстардың барысы сараланды. Кездесу барысында тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту, ішкі және сыртқы жылу жүйелерін ретке келтіру, сондай-ақ нысандарды сапалы әрі уақытылы пайдалануға беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазіргі таңда қала бойынша 176 көпқабатты тұрғын үйде ауқымды жұмыстар жүргізілген. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің жертөлелерін тазалау, ескірген құбырларды ауыстыру, жылу жүйелерін ретке келтіру және пәтерлерге есептегіш құралдарын орнату жұмыстары жүзеге асырылды. Сонымен қатар көпқабатты тұрғын үйлерді сыртқы жылу желілеріне қосу бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, ыстық су жүйесін іске қосу тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырып қана қоймай, коммуналдық қызмет көрсету деңгейін де жақсартуға мүмкіндік береді. Әсіресе жаз мезгілінде тұрғындарды үздіксіз ыстық сумен қамту – қала инфрақұрылымын дамытудағы маңызды қадамдардың бірі.

Жобаны жүзеге асырушы мердігер мекемелер – «Асанас дар» ЖШС мен «Бақ-Береке 2030» ЖШС. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаж жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде. Жауапты мекеме өкілдері нысандарды сапалы әрі уақытылы аяқтау басты міндет екенін атап өтті.

Жиын барысында бөлім басшысы Әнуар Айдын Серікұлы мердігер мекемелерге құрылыс қарқынын бәсеңдетпеуді, тұрғындарға қолайсыздық тудырмауды және қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар барлық жұмыстардың сапасына ерекше мән беріліп, белгіленген мерзімнен кешікпеу қажеттігі ескертілді.

Жобаға сәйкес қаладағы көпқабатты тұрғын үйлерді ағымдағы жылдың тамыз айында толық іске қосып, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қала тұрғындарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға серпін береді.

Қалада жүзеге асырылып жатқан мұндай ауқымды жобалар өңірдің инженерлік жүйесін жаңартып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастамалардың бірі болып саналады.

БӨЛІСУ