Аудан әкімі шалғай ауылдарды аралап, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгін аудан әкімі Мажит Самитов шалғайдағы елді мекендерге арнайы барып, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайымен, атқарылып жатқан жұмыстармен және елді мекендердің санитарлық тазалығымен танысты. Іссапар барысында аудан басшысы алдымен Көктөбе ауылындағы егіс алқаптарын аралап, ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға бағытталған жобалардың жүзеге асу барысын көрді.
Өткен жылы Көктөбе ауылы тұрғындарының егін егу үшін жер бөлу жөніндегі өтініштері аудан әкімдігі тарапынан қолдау тауып, ауылдық округ аумағынан отбасылық егіс үшін 250 гектар жер бөлінген болатын. Бұл бастама ауыл тұрғындарының табысын арттырып, жеке шаруашылықты дамытуға мүмкіндік беретін маңызды қадамдардың бірі болды.
Бүгінде аталған жер көлемін игеру бағытында нақты жұмыстар жүргізілуде. Егістік алқапты ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында Келінтөбе магистральды каналына дейін электр желісі тартылып, трансформатор мен электр насосы орнатылған. Нәтижесінде ауыл тұрғындары егіс жұмыстарын жүйелі жүргізуге мүмкіндік алып отыр.
Қазіргі таңда 37 отбасы 60 гектар жерді игеріп, оның 30 гектарын лазерлік тегістеуден өткізген. Бұл өз кезегінде суды үнемдеп пайдаланып, жердің өнімділігін арттыруға жол ашады. Қазір шаруалар тары мен жоңышқа дақылдарын егуге дайындық жұмыстарын жүргізуде. Ауыл тұрғындары мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың ауыл экономикасын дамытуға серпін беретінін атап өтті.
Аудан әкімі шаруалармен кездесіп, ауыл тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Сонымен қатар, жерді тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын енгізу және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.
Мұнан кейін аудан басшысы елді мекендердегі әлеуметтік нысандарды, ауылішілік көшелердің жағдайын, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарын аралап көрді. Көше бойларындағы тазалық, қоғамдық орындардың күтімі, мекемелердің аумағын абаттандыру мәселелері назарға алынды.
Аудан әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына ерекше тоқталып, тазалық мәдениетін қалыптастыру – баршаға ортақ міндет екенін айтты. Осыған байланысты ауыл әкімдері мен мекеме басшыларына санитарлық тазалық жұмыстарын тұрақты түрде ұйымдастырып, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Сонымен қатар аудан басшысы елді мекендердің көркейіп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстары бір реттік науқан емес, күнделікті жүйелі атқарылатын міндет болуы тиіс.
Айта кетейік, алдағы уақытта аудан көлеміндегі барлық кент және ауылдық округтерде санитарлық тазалық пен абаттандыру жұмыстарына тұрақты мониторинг жүргізіліп, бақылау күшейтілетін болады.