ҚЫЗЫЛОРДАДА ПОЛИЦЕЙЛЕР 5 АЙЛЫҚ СӘБИДІҢ ӨМІРІН АРАШАЛАП ҚАЛДЫ

Қызылорда қаласында полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында денсаулығы күрт нашарлаған 5 айлық сәби дер кезінде медициналық көмекке жеткізілді. Оқиға 7 мамыр күні күндізгі уақытта болған.

Сағат 13:24 шамасында қала тұрғындары 5 айлық қыздарының кенеттен құрысып қалғанын айтып, көмек сұраған. Сол сәтте қызмет атқарып жүрген Қызылорда қаласы Полиция басқармасының Қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары – полиция аға лейтенанты Мұхтар Әбімолдаев, полиция лейтенанты Шахмардан Нұржанұлы және полиция капитаны Рахымжан Жұмаділдаев бірден әрекетке кіріскен.

Тәртіп сақшылары қызметтік автокөліктің арнайы жарық және дыбыс белгілерін қосып, ата-ананы сәбиімен бірге жедел түрде Қызылорда қалалық ауруханасына жеткізген. Полицейлердің кәсіби шеберлігі мен уақытпен санаспай жасаған шұғыл әрекетінің арқасында нәресте дер кезінде дәрігерлер қарауына алынып, қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Дәрігерлердің айтуынша, сәбидің жағдайы қазіргі уақытта тұрақталған.

Қызының өміріне араша түскен полиция қызметкерлеріне ата-анасы шынайы алғысын жеткізді. Сонымен қатар олар Қызылорда қалалық ауруханасының дәрігерлері мен жедел жәрдем және балалар ауруханасының медицина мамандарына да ризашылықтарын білдірген.

– Қиын сәтте жедел көмекке келіп, жанашырлық танытқан азаматтарға алғысымыз шексіз. Қызымыздың өміріне бейжай қарамай, уақытпен санаспай әрекет еткендеріңізді ешқашан ұмытпаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, отбастарыңызға амандық, ел тыныштығы жолындағы қызметтеріңізге табыс тілейміз, – дейді ата-анасы.

Бұл оқиға полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті сақтаумен қатар, адам өмірін қорғауда да әрдайым алдыңғы шептен табылатынын көрсетті.

БӨЛІСУ