Қазақстанда жемқорлық тыйылар емес. Жыл басынан бергі небәрі үш айдың ішінде 317 сыбайлас жемқорлық қылмысының әшкереленуі – соның айқын дәлелі. Бұл деректі Ұлттық қауіпсіздік комитеті жария етті.
Ведомствоға қарасты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, тіркелген қылмыстардың басым бөлігі – пара алу, алаяқтық және қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдалану деректері. Яғни, мемлекет сенім артқан қызмет иелері өз міндетін адал атқарудың орнына, жеке басының пайдасын күйттеген.
Қылмыстық істер бойынша 226 адам күдікті ретінде танылған. Тергеу барысында 198 іс аяқталып, оның 175-і сотқа жолданған. Бұл – құқық қорғау органдарының жұмысын көрсеткенімен, қоғамдағы дерттің әлі де тереңде жатқанын аңғартады.
Ең алаңдатарлығы – келтірілген шығын көлемі. Үш айда мемлекетке келген залал 4,2 миллиард теңгеге жеткен. Бұл қаржы – мектеп салуға, аурухана жөндеуге немесе әлеуметтік мәселелерді шешуге жұмсалуы тиіс қаражат еді.
Жемқорлық – тек заң бұзушылық емес, ол – ел дамуына тұсау, қоғамға жасалған қиянат. Сан артқан сайын, сенім азаяды. Ендеше, күрес күшеймей, нәтиже болмайтыны анық.