АУДАН ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен өткен аудан активінің отырысында кадрлық өзгерістер жария етіліп, аудан әкімінің жаңа орынбасары таныстырылды.

Аудан әкімінің өкімімен және конкурстық комиссияның шешіміне сәйкес Рахатов Ғалымжан Көшкінбайұлы аудан әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалды. Жиында аудан басшысы жаңа орынбасарға бірқатар маңызды салалар жүктелгенін атап өтті.

– Ғалымжан Көшкінбайұлы құрылыс, сәулет және қала құрылысы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары, сондай-ақ кәсіпкерлік және өнеркәсіп салаларына жетекшілік етеді. Мемлекеттік қызметтегі тәжірибесіне сүйене отырып, жүктелген міндеттерді кәсіби деңгейде атқарады деп сенім білдіремін, – деді аудан әкімі.

Ғалымжан Көшкінбайұлы 1988 жылы дүниеге келген. Жоғары білімді, Д.А.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2012 жылы жеке сектордан бастаған. Әр жылдары Қармақшы ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінде, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде, сондай-ақ Қызылорда облысы әкімі аппаратында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2025 жылдан бері облыс әкімі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімінің бас инспекторы қызметін атқарып келген.

Жиын соңында аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов жаңа қызметке тағайындалған азаматқа сәттілік тілеп, алдағы жұмысына табыс тіледі.

БӨЛІСУ