ҚОЖАБАҚЫДАҒЫ ҚҰРЫЛЫСТАР САПАСЫ БАҚЫЛАУДА

Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Қожабақы ауылында жүзеге асып жатқан құрылыс нысандарын аралап, олардың сапасы мен орындалу барысын тексерді. Іссапарға аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш те қатысты.

Алдымен аудан басшысы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынып жатқан спорт кешенінің құрылысымен танысты. Қазіргі таңда мердігер «Намыс-Құрылыс» ЖШС ғимараттың негізгі құрылыс жұмыстарын толық аяқтап, ішкі әрлеу, сырлау, сондай-ақ нысан аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Инженерлік желілер толық тартылған. Жобаның жалпы құны – 537,1 млн теңге. Құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіліп, нысанды пайдалануға беру мерзімі жақындап келеді.

Мұнан кейін аудан әкімі «Қазалы – Қожабақы – Бозкөл – Кәукей» автожолының 32,1 шақырымындағы көпірді күрделі жөндеу барысын көрді. Жобаға сәйкес көпірдің ұзындығы 21,69 метрді, ал жалпы өткел ұзындығы 375,13 метрді құрайды. Қазіргі таңда мердігер «Гүлнұр МК» ЖШС тарапынан қажетті құрылыс материалдары жеткізіліп, уақытша айналма жол мен су өткізгіш құбырлар орнатылған. Арматура тоқу жұмыстары жүргізілуде, ал алдағы күндері темірбетонды қада қағу кезеңі басталмақ.

Нысандарды аралау барысында аудан басшысы мердігер мекемелерге құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Әсіресе, тұрғындар игілігі үшін маңызды әлеуметтік нысандарды уақытылы әрі сапалы аяқтаудың маңыздылығына тоқталды. Спорт кешенін маусым айына дейін, ал көпір құрылысын қыркүйек айына дейін аяқтау міндеті қойылды.

БӨЛІСУ