Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жаңадан салынып жатқан теміржол вокзалының құрылыс алаңында болып, нысандағы жұмыс барысымен танысты.
Айта кетейік, облыс әкімінің қолдауымен «Қазақстан Темір Жолы» АҚ арқылы жүзеге асырылып жатқан бұл жоба – аудан инфрақұрылымын дамытудағы маңызды бастамалардың бірі. Қазіргі таңда нысанда ішкі және сыртқы әрлеу, инженерлік желілерді жүргізу, сондай-ақ аумақты абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Жаңа вокзал заманауи талаптарға сай бой көтермек. Мұнда жолаушыларға арналған кең күту залы, билет кассалары, ана мен бала бөлмесі, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдайлар қарастырылған.
Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі мердігер мекеме өкілдері мен жауапты сала басшыларына жұмыстың сапасына ерекше мән беріп, белгіленген мерзімде толық аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, вокзал маңын көркейту, көгалдандыру, жарықтандыру және санитарлық тазалықты сақтау мәселелері де назардан тыс қалмады. Аудан басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, аталған жоба елді мекеннің келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.