Елдің ертеңі – білімді де тәрбиелі ұрпақтың қолында екені айқын. Сондықтан да жас буынның сапалы білім алып, саналы тәрбие көруі – мемлекет саясатының басты бағыттарының бірі. Бұл ретте аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстардың мәні зор. Аудан басшысы Жандос Еркінбек болашақтың тірегі саналатын жастардың білімді, бәсекеге қабілетті тұлға болып қалыптасуына әрдайым айрықша көңіл бөліп келеді.
Осы мақсатта бүгін аудан орталығындағы «Руханият» орталығында «Білімді ұрпақ – жарқын болашақ кепілі» атты дарынды оқушылармен кездесу ұйымдастырылды. Еркін форматта өткен тағылымды жиынға білім, ғылым, спорт және өнер салаларында түрлі деңгейдегі байқаулар мен жарыстарда топ жарып жүрген ауданның үздік оқушылары қатысты.
Шара «Үздік инновациялық жобалар» көрмесімен бастау алды. Мұнда жас дарындар өздерінің ғылыми жобаларын, тың идеялары мен ізденістерін көпшілік назарына ұсынып, заманауи технологияларды игеруге деген талпыныстарын көрсетті. Әсіресе оқушылардың зерттеушілік қабілеті, шығармашылық көзқарасы мен жаңашыл ойлары жиын қатысушыларының жоғары бағасына ие болды.
Кездесу барысында аудан әкімі Жандос Еркінбек сөз сөйлеп, жастарға үлкен сенім артылатынын жеткізді.
– Халқымызда «Ақыл – тозбайтын тон, білім – таусылмайтын кен» деген тағылымды сөз бар. Сіздер – сол сенімді ақтап келе жатқан, ауданымыздың ғана емес, тұтас еліміздің абыройын асқақтатып жүрген дарынды ұл-қыздарсыздар. Қай салада жүрсеңіздер де, ең бастысы – елге адал қызмет ету, туған жердің дамуына үлес қосу. Алға қойған мақсаттарыңыз айқын болып, білім жолындағы еңбектеріңіз жемісті болсын. Біз әрдайым сіздерді қолдауға дайынбыз, – деді аудан басшысы.
Жиынның негізгі ерекшелігі – ашық диалог форматында өтуі болды. Оқушылар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, еркін пікір алмасты. Әсіресе балалық шақтағы арман, жетістікке жетудің жолы, табандылық пен еңбек, уақытты тиімді пайдалану, болашақ мамандық таңдау және қоғамдағы жастардың рөлі секілді маңызды тақырыптар кеңінен қозғалды. Жастардың орамды ойлары мен салмақты сауалдары олардың ел болашағына бейжай қарамайтын белсенді буын екенін айқын көрсетті.
Кездесу аясында өнерлі жастар да өз таланттарын паш етті. Ән шырқап, түрлі музыкалық аспаптарда күй орындаған оқушылар көрермендерге ерекше әсер сыйлап, рухани кештің мазмұнын аша түсті. Бұл – жас буынның тек білімде ғана емес, өнерде де биік белестерді бағындырып келе жатқанын дәлелдейді.
Шара соңында ауданның абыройын асқақтатып жүрген бірқатар дарынды оқушылар аудан әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталып, арнайы сыйлықтарға ие болды. Бұл – жас жеткіншектерге көрсетілген құрмет қана емес, олардың алдағы жетістіктеріне берілген үлкен мотивация.
Кездесуді қорытындылаған Жандос Еркінбек жастарға жүрекжарды тілегін арнады.
– Бүгін өздеріңізбен жүздескеніме қуаныштымын. Әрдайым ата-аналарыңызды сыйлап, ұстаздарыңызды құрметтеңіздер. Алдарыңыздан тек жарқын күндер ашылсын. Болашақта елге қызмет ететін білікті маман болып қалыптасуларыңызға тілектеспін, – деді ол.
Айта кету керек, бүгінгі таңда мемлекет тарапынан дарынды жастарды қолдауға бағытталған мүмкіндіктер жыл сайын артып келеді. Республикалық және халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадалар, ғылыми жарыстар мен шығармашылық байқаулар жүйелі түрде ұйымдастырылып, жеңімпаздарға білім гранттары мен жоғары оқу орындарына түсу кезінде түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Сонымен қатар дарынды балаларға «Қазақстан халқына» қорының қолдауы мен Президенттік білім гранттары ұсынылуда. Ал «Болашақ» халықаралық бағдарламасы жас талапкерлерге әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға жол ашып отыр.
Мұндай игі бастамалар – білімді ұрпақ тәрбиелеудің нақты көрінісі. Себебі білім мен тәрбие – ел болашағының берік іргетасы. Ал сол іргетасты нығайтып жүрген бүгінгі дарынды жастар – тәуелсіз еліміздің ең басты байлығы.