СУАРУ НАУҚАНЫ КЕЗЕҢІНЕ ДАЙЫНДЫҚ БАРЫСЫ ПЫСЫҚТАЛДЫ

Бүгін Қармақшы ауданы әкімінің орынбасары  Самат Қыдырбекұлының төрағалығымен мәжіліс өтті.

Мәжіліске тиісті сала басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері мен өкілдері қатысып, күн тәртібіндегі өзекті мәселелер кеңінен талқыланды.

Мәжіліс барысында 2026 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары, сондай-ақ егіс алқаптарына су жеткізу қызметінің тарифіне қатысты түсіндірме мәселелері қаралды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары соңғы жылдары өңірде вегетациялық кезеңнің күрделі жағдайда өтіп жатқанын атап өтті. Соған қарамастан, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының қолдауының арқасында салада жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Мәжіліс барысында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Шайхиев Рысбек Болатұлы өңірдегі егіс науқанының ұйымдастырылуы мен мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндама жасады.

Сондай-ақ, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал – Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының орынбасары Әбуов Сейтқасым Әбуұлы су ресурстарын тиімді бөлу, лимиттерді сақтау және заң талаптарын қатаң ұстану қажеттігін атап өтті.

Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Шамұратов Нәжмадин Шакизадаұлы су жеткізу қызметінің тарифтері, су беру кестесі және шаруалармен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Жиын соңында барлық шаруашылық құрылымдарын жаңа технологияларды енгізуге, суды үнемдеу тәсілдерін кеңінен қолдануға шақырып, атқарылатын жұмыстардың нәтижесі ел ырысы мен аудан экономикасының дамуына тікелей әсер ететіні ерекше атап өтілді.

БӨЛІСУ