Бүгін аудан әкімі Алмасбек Есмаханов Әйтеке би кентіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап, жүзеге асырылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Алдымен кент аумағында салынып жатқан балалар ойын алаңдарын көріп, олардың сапасына, қауіпсіздігіне және тұрғындар үшін қолайлылығына ерекше назар аударды. Сонымен қатар, Р.Сабырбаев көшесінде жүргізіліп жатқан ағымдағы жол жөндеу жұмыстарының жай-күйін бақылап, мердігер мекеме өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында жол құрылысының сапасын арттыру, белгіленген талаптардан ауытқымау және жұмыстарды уақытылы аяқтау мәселелері қатаң тапсырылды. Аудан басшысы салаға жауапты орынбасарына барлық нысандардағы жұмыстарды тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
Биыл аудан орталығында жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында ауқымды жұмыстар қолға алынған. Атап айтқанда, С.Сейфуллин, Біржан сал, Жалаңтөс батыр, Ж.Аймауытов, М.Шоқай, С.Сүлейменов көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұл бастамалар аудан тұрғындарының күнделікті қатынасын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға бағытталған.
Бұған дейін аудан әкімі кенттегі спорт алаңдарының жағдайымен танысып, олардың санын көбейту және тозығы жеткендерін жаңарту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Соған сәйкес, қазіргі таңда Әйтеке би кентінде 2 жаңа спорт алаңының құрылысы басталып, қосымша 2 алаңға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл – жастар мен балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне, салауатты өмір салтын қалыптастыруға жасалып жатқан маңызды қадам.
Аудан басшысы жаңадан ашылған тұрғын үй аймақтарында орналасқан А. Әсербаев пен Ж. Құдабаев көшелерінің қиылысында салынып жатқан жаңа спорт алаңын және Михайлюк көшесі бойында жөнделіп жатқан спорт алаңын арнайы барып көрді. Жауапты мердігерлерге барлық жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды қатаң тапсырды. Сонымен қатар, жаңа ойын және спорт алаңдарын 1 маусымға дейін толық аяқтап, тұрғындардың игілігіне пайдалануға беру қажеттігін атап өтті. Қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмады – аудан әкімі барлық жаңа нысандарды бейнебақылау камераларымен жабдықтап, түнгі жарық шамдарын орнатуды міндеттеді.
Сапар барысында аудан әкімі Желтоқсан және В.Счастнов көшелеріндегі көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында салынып жатқан қоғамдық әжетханалардың құрылысымен де танысты. Бұған дейін аталған үйлердің тұрғындары тарапынан бірқатар өзекті мәселелер көтерілген болатын. Атап айтқанда, тұрғын үйлердің қасбеттерін жөндеу, шатырларын ауыстыру, қоқыс контейнерлерін орнату, кәріз суын төгетін арнайы орындар салу және қоғамдық әжетхана қажеттілігі жиі айтылған. Бүгінде осы мәселелер кезең-кезеңімен шешімін тауып, нақты жұмыстар қолға алынуда.
Жалпы, аудан орталығында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Аудан әкімі алдағы уақытта да барлық нысандардың сапалы әрі уақытылы аяқталуын жеке бақылауында ұстайтынын жеткізді.