Бүгін Хорасан ата кесенесі аумағында «Тағзым орны таза болсын, рух пен тазалық – егіз ұғым» атты кең ауқымды жалпыхалықтық тазалық акциясы өтті. Тағылымы мол шара қасиетті орындардың тазалығын сақтау, тарихи мұраларға құрметпен қарау және қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Аталған игі бастамаға аудандық мәслихат төрағасы Жарқынбек Ғалымжан, ел ағалары, мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар және жергілікті тұрғындар белсене қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты. Көпшілік болып жұмыла атқарылған жұмыс бірлік пен жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті.
Шара барысында тарихи маңызы зор, халық көп тағзым ететін аумақта ауқымды көркейту және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аумақ қоқыстан тазартылып, ағаш отырғызу, көгалдандыру, қоршауларды ретке келтіру, жолдарды тазалау және жөндеу жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде кесене маңы тазарып қана қоймай, келушілерге қолайлы әрі көрікті орта қалыптасты.
Бұл акция – тек бір реттік шара емес, рухани құндылықтарды ұлықтаудың нақты көрінісі. Киелі орындарға деген құрмет – өткенге тағзым, келешекке аманат. Осындай бастамалар арқылы қоғамда тазалық мәдениеті нығайып, туған жерге деген жанашырлық арта түседі.
Қасиетті мекендердің тазалығы – елдің рухани айнасы. Сондықтан оларды сақтау, күтіп ұстау және ұрпақтан-ұрпаққа аман жеткізу – баршамыздың ортақ міндетіміз.