Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандағы тарихи-мәдени және киелі орындарда ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Игі бастама барысында бірқатар маңызды нысандар қамтылып, олардың аумағы толықтай ретке келтірілді.
Атап айтқанда, Арыстан баб кесенесі, Беларан төбе шыңындағы Әбдіжәміл Нұрпейісов мемориалды белгісі, Жақайым ата кесенесі, Жетес би белгісі және Қазанғап ата бейіті сынды киелі орындар мен Арал қаласы және кент, ауылдық округтердегі қорымдар тазалық жұмыстарына қамтылды.
Акцияға мекеме қызметкерлері, қоғам белсенділері, жастар мен жергілікті тұрғындар белсене қатысып, туған жердің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Бірлік пен жанашырлықтың үлгісіне айналған шара барысында киелі орындардың аумағы қоқыстан тазартылып, айналасы абаттандырылды.
Мұндай игі шаралар тек тазалық жұмыстарымен шектелмей, өскелең ұрпаққа рухани құндылықтарды насихаттаудың, тарихи мұраларға деген құрметті арттырудың нақты көрінісі болып табылады. Киелі жерлер – халықтың өткені мен бүгінін жалғап тұрған асыл қазына. Оларды сақтау, күтіп ұстау және келер ұрпаққа аман жеткізу – әрбір азаматтың ортақ парызы.