2026 жыл Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінде Денсаулық сақтау жылы болып жариялануына байланысты ауқымды шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі — «Денсаулық және адам құқықтары апталығы» аясында ұйымдастырылған азаматтарды қабылдау.
Аталған шара Қызылорда қаласындағы №3 емханада өтті. Қабылдауға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Б. Байхожаев қатысып, тұрғындардың өзекті сауалдарына жауап берді.
Іс-шараға сондай-ақ ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыстық департаменті өкілдері, денсаулық сақтау саласының мамандары мен адвокаттар қатысты. Атап айтқанда, мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының басшысы Н. Сүлейменов, медициналық көмекті ұйымдастыру бөлімінің бас маманы А. Құлмағанбетов және емхана басшылығының өкілдері тұрғындарды қабылдады.
Қабылдау барысында 10-нан астам азамат денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерін көтерді. Тұрғындар негізінен медициналық көмектің қолжетімділігі, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және құқықтарының сақталуына қатысты сұрақтар қойды.
Әрбір өтініш қолданыстағы заңнама аясында қаралып, азаматтарға жан-жақты құқықтық түсіндірме берілді. Кейбір мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданды.
Мұндай шаралар тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелерді дер кезінде анықтауға мүмкіндік береді.