Жастарға әскери қызметтің маңызы түсіндірілді.
Көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында қаладағы аграрлық колледж студенттерімен ақпараттық-түсіндірме кездесуі өтті. Шараны қала әкімдігі ұйымдастырды.
Кездесуге қалалық Жастар ресурстық орталығы мен Қорғаныс істері жөніндегі басқарма өкілдері қатысып, жастармен ашық пікір алмасты. Мамандар әскерге шақыру науқанының ерекшеліктері, тәртібі мен қойылатын талаптар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.
Сонымен қатар, студенттерге әскери қызметтің ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі, Отан алдындағы азаматтық борыштың маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Әскер қатарында қызмет етудің жастарға беретін мүмкіндіктері мен артықшылықтары да айтылып, олардың жеке дамуындағы орнына ерекше назар аударылды.
Жиын барысында қатысушылар көкейдегі сұрақтарын қойып, нақты жауап алды. Мұндай кездесулер жастардың патриоттық рухын арттырып, әскери қызметке деген оң көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді.