Бюджет қаражатының тиімді әрі мақсатты игерілуін бақылау және құрылыс сапасын зерделеу мақсатында қала аумағында жүргізіліп жатқан нысандармен танысу жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.
Осы орайда, бүгін облыстық мәслихаттың экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы, депутат Б. Сандыбаев және депутаттар Қ. Сақтағанов, Ж. Нұрымбетов, Н. Бақытбекұлы, сондай-ақ тиісті сала мамандары бірқатар құрылыс нысандарын аралап, олардың іске асырылу барысын көрді.
Депутаттар алдымен Қызылорда қаласында салынып жатқан 300 төсек-орынға арналған көпбейінді ауруханада (онкологиялық бөлімшесінде) болды. 2024 жылы басталған нысан 10 блоктан тұрады. Оның құрамында поликлиника, пансионат, конференц-зал, тамақтандыру, физиотерапия, қабылдау, әкімшілік, реанимация, химиотерапия, операциялық және радиология бөлімдері қарастырылған.
Аталған медициналық мекеме ересектер мен балаларға білікті және мамандандырылған көмек көрсетуге бағытталған. Мұнда диагностикалау, емдеу, дәрігерлік кеңес беру және профилактикалық шаралар ұйымдастырылады. Жоба мақсаты өңір тұрғындарының денсаулығын жақсарту және медициналық қызмет сапасын арттыру.
Одан соң, Қызылорда қаласында тәулігіне 400 келушіге арналған №5 емхананың құрылысымен танысты. 2025 жылдың қазан айында басталған бұл нысан тұрғындарға амбулаториялық деңгейде кешенді медициналық көмек көрсететін заманауи көпсалалы мекеме болмақ. Емхана ересектер мен балаларға арналған.
Аталған нысандардың уақытылы әрі сапалы пайдалануға берілуі тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырып, өңірдің әлеуметтік дамуына оң ықпал етеді.