ЖАЛҒАН НӨМІР ТАҒЫП, 40 РЕТ ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ ЖАЗАЛАНДЫ

Қызылорда облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, айыппұл төлеуден жалтарып жүрген автокөлік иесі анықталды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, құқықбұзушылық халықаралық және республикалық маңызы бар автожол бойында орнатылған стационарлық жылдамдық өлшегіш құрылғы арқылы тіркелген.

Тексеру барысында «Lexus RX 330» маркалы автокөліктің 50 жастағы жүргізушісі жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін пайдаланғаны белгілі болды. Ол осылайша айыппұлдан жалтаруды көздеген.

Аталған жүргізуші жылдамдық режимін бірнеше рет бұзып, жалпы саны 40 құқықбұзушылық жасаған. Айыппұлдардың жалпы сомасы 1 миллион 773 мың теңгеден асқан.

Оған қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 590-бабының 4-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.

Іс Қызылорда қаласының мамандандырылған әкімшілік сотында қаралып, сот шешімімен жүргізуші 1 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды. Сонымен қатар, 1 тәулікке әкімшілік қамаққа алу жазасы тағайындалды.

Осыған байланысты полиция департаменті жүргізушілерді көлік құжаттарын заң талаптарына сай рәсімдеуге және жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

БӨЛІСУ