ПРЕЗИДЕНТ МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУДЫҢ ЖҮЙЕЛІ ПРОБЛЕМАЛАРЫН АТАП ӨТТІ

Президент мал шаруашылығын дамытудағы жүйелі проблемаларды атады.

Мемлекет басшысы елімізде мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол болғанымен, саланың әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын айтты. Оның сөзінше, бұл бағыттағы стратегия мен даму қарқыны мардымсыз, кешенді әрі түсінікті жүйе қалыптаспаған.

Президенттің атап өтуінше, еттің 60 пайызы, сүттің 80 пайызы жеке қосалқы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарында өндіріледі. Мұндай құрылым өнімділікті арттыруға және саланы технологиялық тұрғыдан дамытуға кедергі келтіруде.

Сонымен қатар жем-шөп қорын дайындаудан бастап, өнімді өңдеу, тасымалдау және сату үдерістерінің біртұтас жүйеге біріктірілмегені айтылды. Мемлекет басшысы бұл мәселелерді 2026 жылы да көтеруге мәжбүр болып отырғанын сын ретінде атап өтті.

Биыл Мал шаруашылығын дамыту жоспары қабылданған. Президент бұл құжат саладағы олқылықтарды жойып, нақты нәтижеге жол ашуы тиіс екенін жеткізді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы шағын шаруашылықтарды кооперацияға біріктірудің маңызын тағы да атап өтті. Оның айтуынша, бұл бағытта шетелдік тәжірибені, соның ішінде Нидерландының фермерлік кооперация жүйесін үлгі етуге болады. Аталған елде шаруалар кооперациясының нақты әрі бірізді жүйесі қалыптасқан, соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 130 миллиард долларға жеткен.

Осыған байланысты Президент Үкіметке жаңа үлгідегі кооперативтер құруға шаруаларды ынталандыру үшін батыл шаралар қабылдауды тапсырды. Атап айтқанда, 1 қыркүйекке дейін «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» жаңа заң жобасын әзірлеу қажет.

БӨЛІСУ