АУДАН ӘКІМІ АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫСТАР ЖӨНІНДЕ ХАЛЫҚҚА ЕСЕП БЕРДІ

Бүгін аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың халық алдындағы есепті кездесулері Бұқарбай батыр, Таң және Ақсу ауылдық округтерінде жалғасын тапты. Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық мәслихат депутаттары, бөлім мен мекеме басшылары қатысты.

Жиында аудан әкімі облыс пен ауданда атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.

«Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, аймақ басшысының бастамасымен аймақта ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Президенттің тікелей қолдауымен Қызылорда қаласында 215 млрд теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жаңа жылу электр орталығы, мәдениет, спорт, білім беру нысандары салынды. Ауданда жол құрылысы, инфрақұрылым, электр желілері жаңғыртылуда. Аймақ басшысының қолдауымен жаңа Руханият орталығы пайдалануға берілді. Білім беру ұйымдары мен ауылдардағы медициналық ғимараттар жаңартылып, ауылдарды дамыту бағытындағы бірқатар жұмыстар өздеріңіздің көз алдарыңызда жүзеге асып келеді», – деді А. Ибраимов.

Бұқарбай батыр ауылындағы 11 көшенің құрылысы 2024 жылы басталып, 2 көшеге республикалық бюджет есебінен 50,0 млн теңге бөлініп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілген болатын. 2025 жылы қалған 9 көшеге асфальт төсеу жұмыстары толық жүзеге асырылды.

2026 жылы елді мекенді көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына 5,0 млн теңге, санитарлық тазалықты қамтамасыз етуге 3,0 млн теңге жұмсалатын болады. Сонымен бірге жалпы құны 170,2 млн теңгеге 16 көшеге түнгі жарық шамдарын орнату жоспарланған.

Таң ауылдық округі бойынша өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында жалпы құны 3,7 млн теңгеге елді мекенді көркейту-көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, кіре беріс көшелерге бейнебақылау камералары орнатылды. Сондай-ақ 6,5 млн теңгеге ішкі көшелерді жарықтандыру жұмыстары іске асырылды. Жалпы құны 350,3 млн теңгеге ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізіліп, ғимарат пайдалануға берілді. Елді мекендегі қосалқы станцияны қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды.

«Таң ЛТД» ЖШС-нің демеушілігімен Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткіштің құрылысы жүргізілді. Сонымен қатар серіктестік жалпы құны 422 млн теңгеге «Өндірістік база» цехының құрылысын жүргізуде. Жақын уақытта іске қосылуы жоспарланған бұл нысанда мақсарыдан май, жүгеріден ұн және күріштен лапша өнімдерін шығару жоспарлануда. Цех ашылғаннан кейін 22 жаңа жұмыс орны құрылатын болады.

Ақсу ауылдық округі бойынша 2025 жылы елді мекеннің ішкі көшелерінің жарықтарына қажетті энергиямен қамтамасыз ету және техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілді. Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 3,4 млн теңге бөлініп, көше шамдарын ауыстыру және көше атаулары жазылған белгілер орнату жұмыстары іске асырылды.

Сонымен қатар жалпы құны 164,4 млн теңгеге Ақсу–Беркімбай қалпе аралығындағы аудандық маңызы бар кірме автомобиль жолына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. «Сәрке батыр» ЖШС демеушілігімен Конституция көшесі, «Мақсат» қорының демеушілігімен С. Дәулетбеков көшесі жарықтандырылды.

Бұдан бөлек, елді мекендегі М. Әуезов, Т. Қожағұлов және Ақбөгет көшелерінің құрылысы жобасы бойынша жеңімпаз «РиА-Сервис ЛТД» ЖШС анықталды. Жоба құны – 298,5 млн теңге. Қаржыландыру үшін құжаттар облыстық бюджет қарауына ұсынылды.

Сонымен қатар С. Дәулетбеков, Ақарық және Алғабас көшелерін жөндеуге, сондай-ақ С. Дәулетбеков, Конституция, М. Найзабаев, Т. Боранбаев, Т. Елеусінов және Бостай би көшелерінің жарық шамдары құрылысына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленіп, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінім жолданды.

Кездесулер барысында тұрғындар жол құрылысы және жайылымдық жер мәселелеріне қатысты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Аудан әкімі барлық айтылған мәселелердің назарға алынатынын және олардың шешілуі бойынша тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ