ЖАЛАҒАШ АУДАНДЫҚ ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫ ЖАНЫНДАҒЫ АҚСАҚАЛДАР КЕҢЕСІНІҢ «ДАНАЛЫҚ КӨПІРІ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ИНТЕРАКТИВТІ КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

 Руханият орталығында Жалағаш аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет, аудандық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің мүшелері және аудан тұрғындарының қатысуымен «Даналық көпірі» атты интерактивті кездесу өткізілді. Кездесуді аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Тәуіпбаев Асылбек Тынарбайұлы жүргізді.

Жиын барысында бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру жолындағы Ассамблея құрылымдарының рөлі ерекше атап өтілді. Атап айтқанда, Аналар кеңесінің отбасы тәрбиесіндегі орны, ғылыми-сарапшылық топтың қоғамдағы ағартушылық қызметі, медиация кабинетінің татулықты сақтаудағы маңызы және ассамблея жастарының әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы белсенділігі сөз болды.

Кездесу аясында «Ұрпақтар сабақтастығы – рухани негіз», «Отбасы тәрбиесі мен ұлттық құндылықтар» бағыттары кеңінен талқыланды. Басқосуда аудандық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Серік Бертаев және аудандық аналар кеңесі төрайымының орынбасары Күлдаш Тоқпанбетова тақырыпқа сай мазмұнды хабарламалар жасап, өз ұсыныстарын ортаға салды.

Ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуды мақсат еткен «Даналық көпірі» жобасы – қоғамдағы бірлік пен татулықты арттыруға, жастардың әлеуметтік-рухани әлеуетін көтеруге бағытталған маңызды бастама.

Кездесу соңында қатысушылар шараның өңірде тұрақты түрде жалғасуының маңыздылығын атап өтті.

БӨЛІСУ