Арал қаласының тұрғыны, жеке кәсіпкер «Шарапат.М», Нұргүл Бақытқызы 2025 жылдың сәуір айында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығынан «Іскер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 6%-бен 8,0 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Несие қаржысына кәсіпкер жылыжайға қажетті құрал-жабдықтар сатып алып, өз кәсібін бастады.
Жылыжайда негізгі өнім ретінде қиярдың «Сібір гирляндасы» және Ғ1 сорттары таңдалған. Қазіргі таңда Нұргүл Бақытқызы алғашқы өнімін алып, еңбегінің нәтижесін көруде.
Жалпы жылыжайдың ауданы 200 шаршы метрді құрайды. Мұнда күніне 40–50 килограмм қияр өндіріліп, жергілікті базарлар мен азық-түлік дүкендеріне жеткізілуде. Кәсіпкер 1 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кәсіпкердің айтуынша, бұл жоба тек отбасылық табыс көзі ғана емес, жергілікті тұрғындарды сапалы әрі жаңа піскен өніммен қамтамасыз етудің тиімді жолы болып отыр.
«Бұл – соңғы климаттық жағдайларды ескере отырып салынған заманауи жылыжай. Алдағы уақытта салат жапырағы, аскөк, көк жуа сияқты көкөніс түрлерін де өсіруді жоспарлап отырмыз. Жобамыздың жүзеге асуына қолдау көрсеткен «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығына алғысымызды айтамыз. Бұл мүмкіндік – отбасымыз үшін табыс көзі, ал аудан тұрғындары үшін сапалы өнімге қолжетімділік болып табылады», – дейді жылыжай иесі Нұргүл Бақытқызы.