ТҰРМЫСТЫҚ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ЖОЮ ЖӘНЕ ҚАЙТА ӨҢДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың төрағалығымен мәжіліс өтті. Жиында Үкімет отырысында қаралған трансшекаралық хабтарды дамыту, Қазақстан Республикасында қалдықтардың барлық түрлерін басқару тұжырымдамасы, сондай-ақ облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте берілген қосымша тапсырмалар талқыланды.

Мәжілістің күн тәртібінде ауданда тұрмыстық қатты қалдықтарды жою инфрақұрылымын дамытуға жұмыстары пысықталды. Бүгінде қоқыс полигондарын салуға арналған жалпы көлемі 15,37 гектар жер учаскелері табысталып, олардың сәйкестендіру құжаттары әзірленген.

Нормативтік талаптарға сәйкес, қоқыс тастайтын орындарда жеңіл қоршаулар орнатылып, тереңдігі 2 метрден асатын кептіру траншеялары немесе биіктігі 2 метрден аспайтын топырақ үйінділері болуы қажет.

Аудан бойынша «Жасыл Даму» АҚ-ның «Жалағаш кентінде қоқыс сұрыптау кешенін орнату» жобасын жүзеге асыру үшін «К.Қанатбаева» серіктестігі ұсынылды. Жалпы құны 73,3 млн теңге болатын бұл жобаға 1 гектар жер бөлініп, уақытша жер пайдалану құқығын беретін акт алынған. Жобаның бизнес-жоспары және жол картасы әзірленіп, құжаттар «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның І кезеңінен өтіп, ІІ кезеңге жолданды.

«Тазалық – ең алдымен мәдениеттіліктің көрінісі. Қоғам тазалығын сақтау – бүгінгі күннің басты талабы және баршамызға ортақ іс. Кенттің іші-сырты, жолжиектері, елді мекендердің бәрі таза болуы тиіс. «Таза Қазақстан» акциясы аясында тек аумақ емес, сана да тазаруы керек. Тазалық мәдениеті қалыптасуы тиіс. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіңіздер. Тұрмыстық қатты қалдықтарды жою және қайта өңдеу, қоқыс тастау орындарын құжаттандыру жұмыстарын жеделдетіңіздер», – деді А.Ибраимов.

Жиын қорытындысы бойынша күн тәртібінде қаралған мәселелердің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету бойынша аудан әкімінің орынбасарлары мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ