ЕЛ ЕРТЕҢІ САНАЛЫ ДА САУ ҰРПАҚ

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Арал қаласы мен Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп салынып, балалардың алтын ұясына айналды.

​Аймақ басшысының тікелей қолдауы арқасында Ақшатау ауылында да 60 орындық мектеп ғимараты және демеушілік есебінен Тоқабай елді мекеніндегі №248 орта мектебі жаңа оқу жылының басында пайдалануға берілді.

​Көптен бері көтеріліп келе жатқан Мергенсай ауылдық округіндегі мектеп мәселесі шешімін тапты, құны 2,3 млрд. теңгеге 150 орындық білім ордасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанды да жыл соңына дейін аяқталады деген жоспар бар.

​Арал ауданы  облыс бойынша аудандар арасында бір жылда 5 мектеп салған бірден бір аудан.  Бұл үлкен жетістік.

​Сонымен қатар Арал қаласындағы №14мектеп-лицейінің көне ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары, мұнан өзге №263, №62 және №177 орта мектептері ағымдағы жөндеуден өтті.

​Саладағы жағымды жаңалық, Арал қаласындағы №220 орта мектебі Қазақстанның ең үздік 100 мектебінің қатарына енсе, Жарасхан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің екі ұстазы Қазақстанның ТОП-50 финалисті қатарынан көрінді.

​Білім мен ізденістің биік шыңын бағындырып жүрген ұстаз, №14 мектеп-лицейінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Кунарова халықаралық байқаудың финалисі атанды. Мәскеу төрінде өткен салтанатты жиында марапатталып, халықаралық деңгейдегі үздік педагогтардың қатарынан лайықты орын алды.

​«Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» ұлттық жобасы аясында Арал ауданының үш бірдей мектеп басшысының орынбасары — Алтынбек Кикбаев, Қасқырбек Күзембаев және Әсем Ембергеновалар еліміздің білім беру жүйесін жаңғырту ісіндегі көшбасшылар қатарына еніп, ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың қолынан арнайы сертификатқа ие болды. Сонымен қатар ұстаз Алтынбек Кикбаев Елорда төрінде еліміздің ең мәртебелі білім бәйгесі – «Үздік педагог – 2025» республикалық байқауының қорытындысымен үздік педагог атанды.

​Денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Жыл басында Сексеуіл кентіндегі 25 төсектік аурухана ел игілігіне табысталды.

​Тоқабай ауылынан соңғы үлгідегі медициналық амбулатория салынып, халыққа сапалы қызмет көрсетуде.

​«Ұлт саулығын нығайту» жобасы аясында орталық  аурухана жанынан 17 төсектік нейро-инсульт, 35 төсектік кардиология бөлімшелеріне арналған жапсаржай(құны 2,3 млрд теңге) құрылысы жүруде. Оған МРТ және ангиографқондырғылары орнатылатын болады. Осы арқылы тұрғындар өзге аймақтарға сандалмай Аралда тиісті ем алуына мүмкіндік туады.

​Сондай-ақ, тозығы жеткен жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратының құрылысы бой көтеруде(құны 2,1 млрд теңге).​

​Оған қоса, Арал қаласының Шанхай, Жаңауыл мөлтек аудандарынан тәулігіне 250 келушіге арналған емхана құрылысының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілді. Жоба құны – 6,6 млрд. теңгені құрайды.

​Қазіргі таңда бұл жобаны қаржыландыру бойынша тиісті салалық министрліктермен жұмыстар жасалуда.

​Арал қаласында «Қамқорлық» ерте араласу оңалту орталығы ашылып, пайдалануға берілді(жөндеуге – 320 млн. теңге, медициналық қондырғыларға – 300 млн. теңге).

​Осы орталықтан Арал, Қазалы аудандарының мүмкіндігі шектеулі 900 ге жуық 2 мен 17 жас аралығындағы балаларға медициналық көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.​ ​

​Аймақтағы медициналық қызмет көрсету көрсеткіші (рейтинг) бойынша Арал аудандық көпбейінді орталық ауруханасы алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету бағытында бағалаудың жасыл деңгейіне қол жеткізіп, қолайлы аймақ атанды. Бұл – тоғыз айдың толымды нәтижесі.

БӨЛІСУ